Журналистік зерттеу
«Айғақ» телеарнасы Шымкент қаласындағы 60 мұғалімді құрайтын «Мұғалімдер» ЖШС-нің арыздары бойынша журналистік зерттеу жүргізді.
Зерттеу барысында аталған ЖШС-нің мұғалімдері 2008 жылдан бастап жер учаскелерін заңдастыру үшін, Шымкент қаласы әкімдігіне арызданғаны, алайда арыздары заңға сәйкес қанағаттандырылмағандықтан, мұғалімдер бір мәселемен жер учаскелерін заңдастыру үшін 20 рет арыз жазуға мәжбүр болған.
Нақтырақ айтсақ, облыс әкіміне (2 рет), «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына (2 рет), Шымкент қаласы әкіміне (6 рет), «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалына (2 рет), Шымкент қалалық жер қатынастары бөліміне (4 рет), Шымкент қаласы әкімі жанындағы легализациялық комиссия төрағасына (2), Шымкент қаласы жер кадастр филиалы мен Шымкент қаласының сәулет және құрылыс бөлімдеріне арызданған.
Жерге қатысты мұғалімдердің арыздары заңға сәйкес 2 айдың ішінде шешілудің орнына 9 жыл бойы шешімін таппаған.
Журналистік зерттеудің қорытындысы «Айғақ» телеарнасында көрсетілгеніне және Республикалық «Айғақ» газетінің №32, №33 сандарында жарияланғанына байланысты Шымкент қаласы әкімдігінен жауап келді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Н.Кушеров өзінің берген жауап хатында ««Мұғалімдер» ЖШС Қызыл жар елдімекені, н/с, 064 орамда орналасқан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін берілген жер телімінің нысаналы мақсатын жеке меншік тұрғын үй құрылысы үшін өзгерту туралы өтінішпен жүгінген.
Жер кодексінің талаптарына сай, нысаналы мақсаты өзгертуге жататын жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау туралы қала құрылыстық қорытынды алынған.
Әрі қарай, қалалық Жер комиссиясының кезекті отырысына «Мұғалімдер»ЖШС-і жалпы алаңы 4,1 га жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы сұранысы, оң шешімін тапқан.
Қазіргі кезде, «Мұғалімдер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызыл жар шағынауданы, н/с орналасқан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін берілген жер телімінің нысаналы мақсатын жеке меншік тұрғын үй құрылысы үшін өзгерту туралы қала әкімдігінің жобасына қажетті келісімдер алынуда.
Алдағы уақытта, қабылданған қаулы туралы мағлұматтар «Мұғалімдер» ЖШС-не қосымша хабарланады» — деп көрсеткен.
Ұстаздардың ұзақ жылдар бойы күрескен талап-тілегі «Айғақ» телеарнасы мен Республикалық «Айғақ» газеті журналистерінің зерттеу жүргізуі барысында оң шешімін тапты.
Шымкент қаласының әкімдігі жақын арада мұғалімдердің жерлерін заңдастырып береді деп сенеміз.
Еңлік Заманхан