Қырғызстанның президенті атануға 59 үміткер тіркелді.
Ал сайлау қазан айының 15-інде өтеді. Орталық сайлау комиссиясы тыңғылықты тексеруді бастады. Мамандар санға емес, сапаға мән беретін болса, айрықша амбицияға ие болған 59 кандидаттың тек 3-еуі ғана бәсекеге түсе алады. Өйткені өзін-өзі ұсынғандардың арасында сотталғандар да бар.
Президент сайлауына қатысушылардың 48-і өзін-өзі ұсынушылар болса, қалған 11 үміткер – түрлі партия өкілдері. Мемлекет тізгінін қолына алғысы келетіндердің ішінде бұрынғы депутаттар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, тарихшылар, одан қалды әскерилер де бар. Сондай-ақ кандидаттар тізімінен зейнеркерлер мен екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыздарды кезіктіруге болады. Заң бойынша бұл адамдардың барлығы президенттікке үміткер бола алады.
Омурбек Бабанов, Қырғыз Республикасы президентігіне үміткер:
– Президенттікке үміткер болу мен үшін оңайға соқпады. Мен барлық жауапкершілікті сезінемін. Сол себепті партиядағы үзеңгілестеріммен ақылдаса келе, құрылтайда халық тарапынан бірауыздан қолдау таптым.
31 тамызға дейін барлық 59 үміткер құжаттарын реттеуі шарт. Сонымен қатар олар қырғыз тілін меңгеруге қатысты сынақ тапсырады. Алайда үміткерлер үшін бұл басты түйіткіл емес. Олар 30 мыңнан астам қол жинап, сайлау кепілдігіне 1 миллион сом салуы тиіс. Ол дегеніміз – 15 мың доллар шамасындағы қаржы. Бұл қадамға екінің бірі бара бермейтіні анық. Бұған дейін президенттікке бірден-бір үміткер ретінде парламент спикері Чыныбай Турсунбеков қарастырылған еді. Дегенмен дәл соңғы уақытта ол қазіргі премьер-министр Сооронбай Джеенбековке жол берді.
Сооронбай Джеенбеков, Қырғыз Республикасы Парламентінің спикері:
– Мен ақылдаса келе, Қырғызстанның саяси күштері бірігуі керек деген шешімге келдім. Үміткерлер өте көп, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Сол үшін осындай қадамға барып тұрмын. Қырғызстанның президенті атанғысы келетіндердің санында шек жоқ. Ол үшін саяси білімі бар адамдар қажет екені айдан анық.
Бір қызығы, елде ең ірі саналатын саяси партиялардың бірде бірі президенттікке әйелдер қауымын ұсынбаған. Тізімдегі 8 азаматшаның дені – өзін-өзі ұсынып отырғандар. Тіпті кейбірі қазірдің өзінде қолдаушыларының қолын жинауға кірісіп кетіпті.
Дереккөз: 24.kz