Қазақстан ірімшіктің 70%-ын, сары майдың 37%-ын және сүзбенің 35%-ын импорттайды, деп хабарлады ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінен.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А Мырзахметов ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу картасының жүзеге асу жоспарларын баяндады.
Мәлім болғандай, ауыл шаруашылығының тиімділігі аграрлық қайта өңдеуге байланысты. Себебі ол ауылшаруашылық өнімдерге сұраныс туғызып, оның қосымша құнын арттыра түседі.
Осыны баса айтқан Вице-премьер өз сөзінде аграрлық қайта өңдеуді дамытудың экономиканың үшінші модернизациясының жобалық шеңбері аясында 5,3% көлемінде АӨК-тің жалпы өнімнің орташа өсім ырғағын қамтамасыз ететінін атап өтті. Яғни, оның жалпы өнім өсіміне орташа жылдық үлесі 50%-ды құрамақ. Мұның өзінде ауылшаруашылық өнімдерді қайта өңдеу үдерісі өсімдік шаруашылығы өндірісін 1,4%-ға, ал мал шаруашылығын 1,2%-ға арттырады.
Сондай-ақ, АШМ тарапынан ауылшарушалық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың әлеуеті мен басымдықтарын анықтау үшін танымал ғалымдар мен қайта өңдеуші кәсіпорындар мамандары, «Атамекен» ҰКП және облыстық әкімдіктер өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды.
Соңғы 4 айдың көлемінде кең ауқымды талдама жұмыстары жүргізіліп, ел аумағындағы барлық дерлік кәсіпорындардың анкеталары жасалып, ағымдағы мүмкіншіліктері зерттеп зерделеуден өтті. Осының негізінде олардың өндірістік ахуалы, қуаттылық деңгейі, енгізілу жылы, құрал-жабдық түрі, жүктелім мен шығарылатын өнім көлемі сынды тармақтары көрсетілген мәліметтер базасы әзірленді.
Бүгінгі таңда қолда бар мәліметтерге қарағанда, республика бойынша 1 345 белсенді қайта өңдеу кәсіпорыны бар.
Сонымен қатар, 435 кәсіпорынға ұсынылған қайта өңдеудің 9 басым түрі анықталып нақтыланды. Атап айтқанда, сүт, ет, тері, жүн, майлы және астық дақылдар, көкөністер мен жемістер, қант қызылшасы мен картоп тұрғылары назарға алынды. Осылайша әрбір облыс пен аудан кесімінде қайта өңдеу кәсіпорындарын орналастырудың картасы дайындалды. Аталған құжатта айналым қаражаты үшін несиеге қол жеткізу мен ауылшаруашылық кооперативтері арқылы шикізат жинау арқылы қолда бар қуаттылықтарды барынша жүктеу қарастырылған. Осы қатарда жұмыс істеп тұрған 80 қайта өңдеу кәсіпорынын жаңғырту мен тағы да жаңадан 79-ын салу қарастырылған.
Айталық, сүтті қайта өңдеу бойынша 148 кәсіпорын жұмыс істеп тұрса, олардың 41-і қайта жаңғыртуды талап етеді. Ал 42 шағын кәсіпорын 2021 жылға қарай іске қосылуға тиіс. Қазіргі таңда сүт өңдеуші кәсіпорындардың 60%-ға жүктеліп тұрғанын атап өткен жөн. Ал 2021 жылға қарай олардың жүктелімі 80%-ға жетпек. Міне, осының есебінен сүтті қайта өңдеу көлемі 1,6 млн. тоннаға артып, қайта өңдеу үлесі 31%-ға жетпек.
Өз кезегінде, аталған шаралар сүт өнімдері өндірісі көлемін 49%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ірімшік импортының көлемі 70%-дан 51%-ға, май 37%-дан 17%-ға, сүзбе 35%-дан 23%-ға төмендемек.
Дәл осындай көрініс ауылшаруашылық шикізатының қалған 8 басымдыққа ие түрлерінде қылаң беруде.
Қайта өңдеу картасын жүзеге асыруға инвестициялық қажеттілікті қанағаттандыру негізгі және айналымдағы қаражат есебінен инвестициялық субсидия, сондай-ақ, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетіктері арқылы қамтамасыз етілмек.
Аграрлық қайта өңдеуді дамыту бойынша шаралар жүйесі тиісті тараптар тұрғысынан қолдау тауып, құпталған жағдайда (Аграрлық қайта өңдеу картасы) АШМ бекітілген тәртіпке сәйкес АӨК-ті дамтудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізеді.
Қазірдің өзінде «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтері арасында өзара үйлестірілген инвестициялық саясат пен аграрлық қайта өңдеу жобаларын іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды.
Үкімет отырысының соңында арнайы брифинг өткізіліп, онда Вице-министр Р.Құрманов БАҚ өкілдерінің ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу мәселелері бойынша сауалдарына жауап берді.
ҚазТАГ
Фото: Baohaspa.vn