Ғаламдық мәселелер талқыланып, жаһандық түйткілдер сөз болған он төртінші Еуразиялық Медиа форум басталды. Алпыс елден алты жүзге жуық делегаттарды қамтуға мүмкіндігі бар форумның алғашқы күнінде әлемдік сарапшылардың шеберлік сыныптары өтті. Ал, негізгі ашылу сәтінде жаһандық медиакеңістіктің көрнекті қайраткерлері мен пікір көшбасшылары өз көзқарастары мен ойларын ортаға салды.
Еуразиялық Медиа Форум көптен күткен Экспо-2017 көрмесіне орай осы сәтке өзгертілген. Өйткені қатысушаларға әлемдік мәселені талқылау барысында болашақтың энергиясы саласындағы әлемдегі қызықты жетістіктермен танысуға мүмкіндік сыйлауды мақсат тұтты. Ұлттық экономиканың барлық саласының дамуының катализаторы болады деп үміт күткен форумда алғашқы болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Ең алғашқы рет бұл форум 2002 жылы Дариға Назарбаеваның бастамасымен батыс пен шығысқа қатысты мәселелерді талқылайтын коммерциялық емес және саясаттан тыс ұйым ретінде құрылған болатын. Ғаламдық проблемаларды талқылап, олардан шығу жолдарында түрлі ұсыныстар мен пікірлер айтуда ең белгілі форум бүгінде Еуразия халықтарының бірлігі мен ынтамқтастығының бастамашысына айналып отыр. Ашық пікірталас алаңының бастаушысы әрі жоба авторы Дариға Нұрсұлтанқызы ана тілімізден кіріспе сөзін бастап, делегаттар мен маңызды да ауқымды пікірімен бөлісуге келген спикерлер мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Жаңа әлемдік тәртіп орнатуда қабырға тұрғызып немесе көпір салудың жолдары бар ма? Яғни, ескі көзқарастан жаһандық жүйеге жасалған бетбұрыстағы әркеттер мен бастамалар қандай болады? Жаңа көшбасшылардың келуі арқылы ғаламдық интеграцияға жол бастау дамыған елдермен бірге дамушы елдерді әуре сарсаңға салуы бек мүмкін. Бұл жолда мемлекеттер қандай әрекет жасайды. Міне алғашқы отырыста осындай ғаламдық мәселелер сөз болды.
«Болашақтың энергиясы» жасыл экономиканың қуаты тақырыбы да күннің мәселесіне айналды. Әр күн тың идея жаңа жаңалықпен келетін заманда әр мемлекет технология мен өндірістің жолында көп жұмыс жасауда. Сондықтан, экономикалық модельді қайта құру, қалыптасқан нарық тетіктерін реформалау баламалы қуат көздеріне деген көзқарасты өзгерту осы жолдағы басты бағыттардың бірі ғана.
Дағдарыс кезіндегі тұрақтылық және әлемдік нарықта көшбасшылыққа жету жайы да сөз болды. Сонымен қатар, ақпарат кеңістігіндегі бұрмаланған бос деректерге жол бермеу және ақпараттық шабуылға қалай ұшырамауға болады? Осы секілді түйткілдер де форум алаңында ашық пкірталасқа түсті. Жалпы форумға өз саласын зерттеп зерделеген мамандар қатысады. Сондықтан, бұл шара отандық журналистерге мамандануға зор мүмкіндік береді.
Еңлік Заманхан