Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына «ҚазАгро» арқылы кредит беру кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін түпкілікті мөлшерлеме алғаш рет жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерді құрап отыр, ал өткен жылдары түпкілікті мөлшерлеме 9-10%-ды құраған болатын.
Бұл ретте кредит беру бір айға ерте басталды. Сонымен бірге, жалпы «ҚазАгроның» кредиттік өнімдері бойынша талап етілетін құжаттар топтамасы 24%-ға қысқартылды, деді Ауыл шаруашылығы министрі Қарағандыда халыққа есеп беру кездесуінде.
Мысалы, Аграрлық несие корпорациясында заңды тұлғалардан талап етілетін құжаттар саны 27 болса, қазір олар 19-ға қысқартылды, ал жеке тұлғалардан талап етілетін құжаттар 16 болса, қазір 12 құжатқа дейін қысқартылып отыр.
ҚазАгроҚаржы бойынша заңды тұлғалар үшін 24 құжат болса, қазір 19 болды, жеке тұлғалар үшін 13 құжат болса, қазір 12 құжат болды.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бойынша заңды тұлғалар үшін 16 құжат болса, қазір 12 болды, жеке тұлғалар үшін 16 құжат болса, қазір 13 құжат болды).
Дереккөз: naryk.kz