Қанат Ислам төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетіп, кәсіпқой бокстағы 24-ші жеңісіне қол жеткізді, — деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
АҚШ-тың Бока Ратон қаласында өткен жекпе-жектің бірінші раундында отандасымыз басымдығын көрсеткен. Алайда Гонсалес қарымта соққы жасай бастады. Тіпті денесіне де жақсы соққы жасап үлгерді. Бірақ Қанат Ислам сенімді жұдырықтасты.
Ал, төртінші раундта Қанат Ислам бірнеше соққысын дарытып, мексикалықты әлсіретіп тастады. Қарсыласы қазақстандықтың үдеткен соққысына әлсіз жауап қана қайтарып жүрді.
Бесінші раундта Гонсалестің қабағы жарылып, жағдайы нашарлап кетті. Ал осыдан кейін қазақстандық боксшы 12 раундттың қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылды.
Норберто Гонсалес кәсіпқой бокста 9-шы рет жеңіліс тауып отыр. Оның активінде 23 жеңіс бар, оның 13-і уақытынан бұрын аяқталған.
Ал осының алдында қазақстандық тағы бір боксшы Жанқош Тұраров мексикалық қарсыласы Густаво Гарибайды үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіргеннен кейін нокаутпен жеңген еді. Осылайша қазақстандық боксшы 21-ші жеңісіне қол жеткізді, оның 15-і уақытынан бұрын аяқталды. Гарибай өз кезегінде мансап жолында 9-шы рет жеңіліс тауып отыр. Оның активінде 13 жеңіс және 2 тең жекпе-жек бар.
Дереккөз: Kaz.tengrinews.kz