Бір айдан соң елімізде жазғы демалыс маусымы басталады. 2015 жылы теңгенің құнсыздануы отандық туризм саласына салқынын тигізген болатын. Салдарынан қазақстандықтар шетелге 2 есе аз шығатын болған. Алайда қазіргі таңда бұл саладағы жағдай тұрақталған. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне «Саят» туристік компаниясының директоры Инна Реймен айтты.
«Теңгенің құнсыздануынан кейін туристік нарық өз қалпына келді. Қазақстандықтар міндетті түрде жазда Түркияға барып демалуды жөн санайды. Себебі, олар өз демалыстарын тиімді өткізіп, денсаулықтарын қалпына келтіру қажет деген пікірде. Соңғы уақытта Біріккен Араб Әмірлігіне баратын қазақстандық туристердің де саны әжептеуір артты. Бұрын БАӘ-ға бару қиын болатын. Мұнда алдын-ала төленген ақшаға тек таңғы асты іше алатынсыз. Ал бүгін барлығы өзгерді. Бұл мемлекеттегі қонақ үйлер Түркия сияқты туристер үшін барлық жағдайды жасауда. Сондықтан туристердің БАӘ-ға деген қызығушылығы оянуда. Сондай-ақ, аталмыш ел өте қауіпсіз әрі жол да алыс емес. 4 сағат ұшасыз», — деді ол.
Әңгіме барысында туристік компания басшысы соңғы жылдары қазақстандықтардың Грузияда жиі демалатындығын тілге тиек етті.
«Өткен жылдан бастап, қазақстандық туристер Грузияда демалатын болды. Бірақ бұл бір реттік сапарлар. Сондай-ақ, бұл елде демалу біз қалағандай арзан емес. Нақтырақ айтсам, туристік қала саналатын Батуми шаһары қымбат», — деді директор.
Осы орайда Инна Рей Батумиге барып демалғысы келетін азаматтарға өз кеңесін берді.
«Батуми Түркиядағы курорттармен бәсекеге түсе алмайды. Себебі, онда көңіл көтеру сынды қызмет көрсету түрлері тиісті деңгейде емес, өте әлсіз. Шаһар көбінесе казинода ойын ойнауға келген азаматтар үшін ыңғайлы. Өткен жылы Батумиде демалу үшін 500-700 долларға турпакетті сатып алатынсыз. Осы ақшаға сіз 7 күн демаласыз. Бірақ, мұнда Түркиядағы сияқты турист үшін қолайлы жағдай жасалмаған. Сіз 500 долларға турпакетті алғаныңызбен, елге барған кезде қосымша ақша шығаруға мәжбүр боласыз», — деді маман.
Сонымен қатар директор Қазақстанда демалғысы келетін азаматтар үшін жағымды жаңалықтардың бар екенідігін айтып қалды.
«Бірақ осы жаз айында қазақстандықтар Алакөл, Түркістан және жақын аймақтағы курорттық зоналарда демала алатын шығар деген үміттеміз. Себебі, бұл жерлерге азаматтар тікелей бара алады. Мысалы, Астанадан Алакөлге тура әуе рейсі ашылады деп күтілуде. Билет құны қолжетімді болады. Менің ойымша, бұл жағдай ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді», — деді ол.
Сөз соңында Инна Рэй ел тұрғындарын әлемнің 115 мемлекеті қатысатын «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға да шақырды.
«Осы жылы Астана алғаш рет «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне байланысты туристік орталыққа айналады. Сондықтан мен барлық қазақстандықтарға осы ерекше мүмкіндікті пайдалануға кеңес беремін. Себебі, маңызды көрме арқылы басқа елдердің мәдениеті әрі тұрмыс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік бар», — деп түйіндеді сөзін туристік компания басшысы.
Дереккөз: Baq.kz