Елімізде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» және еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасындағы «Еңбек жолы» байқауларына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды. Бұл туралы, бүгін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі брифинг барысында вице-министр Біржан Нұрымбетов хабарлады, делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында жарияланған хабарда.
Хабарда айтылғандай, ол, өз сөзінің басында, Мемлекет басшысының «Болашаққа көзқарас: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында табысты кәсіпкерлерді патриоттық сезім танытып, туған жерін түлетуге шақырғанын еске салды.
«Мұндай отансүйгіштік үлгісі ретінде Елбасы бекіткен және жыл сайын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҚР Энергетика министрлігімен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесе отырып өткізетін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауын келтірсе болады. Биыл бұл байқау оныншы рет ұйымдастырылып, мерейтойлық кезеңін еңсереді. Сондықтан, шараның ерекше маңызын ескерген райда, оны «Парыз – табыстың 10 жылы» тақырыбында өткізбекпіз. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары әлеуметтік жауапкершілік қағидатын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалып, кәсіпкерлеріміз еңбек қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау тұрғысында іс-қимылды күшейтуге әрі жұмысшыларына барынша тартымды ахуал қалыптастыруға күш салуда», — деп атап өтті Біржан Нұрымбетов.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы, ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары аясында жүргізілуде.
«Байқауды өткізген жылдары (2008-2016 жылдары), оған елдің барлық өңірінен 4 мыңнан астам кәсіпорын қатысты. Қуантатыны сол, отандық бизнес-қауымдастық тарапында әлеуметтік жауапкершілік түсінігі қанат жайып келеді. Себебі, бизнестің тасы өрге домалауына қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы кепіл бола алады. Еліміздің өркендеп, гүлденуіне де дәл осы жайт бірден-бір себеп», — деді вице-министр.
Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігімен қатар, кәсіпорын қызметінің сәтті болуына қарапайым еңбек адамдарының да қосар үлесі зор екеніне назар аударды.
«Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын насихаттау мақсатында, біздің министрлік, былтырдан бері еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлері арасындағы «Еңбек жолы» республикалық байқауын тағайындады. Байқау мұраты – қазақстандықтардың бойында ел экономикасының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірген отандастарының жетістігіне мақтаныш сезімін ояту. Байқау үш аталымнан тұрады: «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері». Үміткерлерден өтінім қабылдау үстіміздегі жылдың 20 мамыры басталады», — деп жеткізді Біржан Нұрымбетов.
«Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын іріктеу өңірлік және республикалық деңгейдегі екі сатыдан тұрады:
— әр аталым бойынша ең көп дауыс санын жинаған үздік үштікті анықтайтын онлайн дауыс беру (барлығы 9 үміткер);
— комиссияның онлайн дауыс беру нәтижесінде алға шығатын үздік үштік сапынан жеңімпаздарды белгілеуі.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Еңбек күнінен орайластырылған өңірлік еңбек
форумдарында және қазан айында «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумында өтетін болады.
Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында және еңбек адамының мәртебесін арттыру, еңбек өнімділігін көтеру, жұмысшы кәсіптерді насихаттау, жастарды өндіріске тарту және де еңбек әулеттерінің жылдар бойғы дәстүрін нығайту мақсатында жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін «Еңбек күні» мерекесі бекітілді.
Брифинг қорытындысында, Біржан Нұрымбетов, ел кәсіпкерлерін, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды «Парыз» және «Еңбек жолы» байқауларына, сондай-ақ Еңбек күніне арналған шараларға белсенді қатысуға шақырды.
ҚазТАГ.