Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтің бастамасымен іске асқан «Шатқал» бағдарламасы өз нәтижесін беріп келеді. Яғни, өңіріміздің барлық аудан, қалаларында қарқынды жүріп жатқан көшет отырғызу жұмысының кезекті эстафетасы мәслихат депутаттарында. Яғни, күні кеше облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевке қала іргесіндегі 8 гектар аумақты абаттандыру үшін арнайы жер бөлініп берілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстарды атқару облыс мәслихатының 50 бірдей депутатына тиесілі. Өз кезегінде бірден іске кіріскен халық қалаулылары мәслихат хатшысы бастап бүгін арнайы бекітілген алқапқа барып, көптеген ағаш көшеттерін отырғызды.
Облыстық мәслихаттың депутаттарына бөлініп бірілген жер Қаратау аудан әкімдігіне қарасты «Достық» тұрғын алабында орналасқан. Яғни, бұл белгіленген аумақта әрбір халық қалаулысы кестеге сай 120 көшеттен отырғызуы қажет. Сонда бәрін қосқанда, шатқал аумағына 10 мың түп көшет ағаштары егілуі тиіс. Таңертең басталған сенбілікте облыс мәслихатының депутаттары белсенді қатысып, туған өлкені түлету ісіне ынтымағы жараса кірісті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев бастаған халық қалаулылары қолдарына бір бір күректен ұстап, айналаны көгалдандыруда барын салды.
50 депутатқа берілген сайлы жер тұрғын үйлердің ортасында орналасқан. Сол себепті де, мұндағы тұрғындар ертең жемісін жесін деген ниетпен түрлі жеміс көшеттері таңдалып алыныпты. Бұл бір шетінен шағынаудан халқына жасалынып жатқан зор мүмкіндік. Жаздың аптап ыстығында сая, қыстыңкүні пана болатын жер өнімі де ертең мол болып, бұқараны қуантпақ. Бүгінгі сенбілікке өзі басқаратын мекеменің қызметкерлерін ерте келген мәслихат депутаты Әбілқасым Досболов ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын игі істің қатысушысы болғанына дән риза.
Қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзін ұстаным етіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнегелі ісімен танылған облыс мәслихатының 50 депутаты қашанда халықтың күйін күйттеп, жоғын жоқтаушы, игі істің қолдаушысы. Ал, оңтүстіктегі белді оқу ордасының ректоры Оңалбай Аяшев сенбілікте әріптестерінің жанына табылды.
«Жұмыла көтерген, жүк қашанда жеңіл». Әрі ауызбіршілікпен атқарылған істің нәтижелі болатындығын аңғардық. Қашанда ресми кездесулерде жолығатын халық қалаулылары табиғат Ананы түлетудегі игі істің мақсат-мұраты жолында кездесіп отырғандығына қуанышты. Жас депутаттарға ағалық жол көрсетуші Шәріпбек Жамалбек те бұл күні қолына күрек ұстап, артында өшпес із қалдырды.
Бүгін халық қалаулылары отырғызған тал-дарақтардың ертең әдемі болып өсуі үшін арнайы күтім мен қырағы бақылаудың қажет екендігі анық. Ауыл іргесіне отырғызылған 10 мың түп көшеттің қадағалаушысы болып Өмірзақ Мелдеханов таңдалған. Яғни депутаттар шатқалын күтіп-баптау жұмыстарына іскер азамат жауап береді.
Ал, халық қалаулысы, белгілі кәсіпкер Нұралы Әбішовке 120 көшет отырғызу емес, 10 гектар жерге 4 мың түп ағаш егу жұмыстары жүктеліпті. Яғни, қаламыздағы Қ.Төлеметов даңғылының оң жақ бетіндегі сайлы жеріне депутат «Комби строй» мекемесі қызметкерлерімен бірге сенбілік жасады. Бұл аумақта болашақта саялы саябаққа айналмақ.
Елбасының өңірлерді дамыту, облыс әкімі Жансейіт Түймбаевтің «Шатқал» бағдарламасы Оңтүстік тұрғындары үшін шарапаты мол жұмыс. Бүгінгі сенбілік оңтүстіктегі бірлікпен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың айнасы секілді.
Жер абаттанса — ел ауқаттанады. Елбасының осы бір қанатты сөзі, мемлекеттің дамуына арналған. Сенбілік барысында мәслихат депутаттары сайлы шатқалдың құзды бөлігіне арнайы көтеріліп, өздеріне бөлінген жерді бір шолып шықты. Бұл көрініске қарап, халық қалаулыларының белсенді ісін жоғары бағалағайсын.