Бүгін, яғни 1-наурыз күні Түлкібаста аудандық мәслихат депутаттарының кезектен тыс сессиясы өтеді деп күтілуде. Сағат 15-00-ге жоспарланған жиынның күн тәртібінде ОҚО-ның әкімі Ж.Түймебаев ауданның жаңа әкімін таныстырады. Тұмса табиғатымен талайланды тамсандырып, талай ұлылар жүріп өткен киелі ауданның келесі әкімі кім болмақ?
«ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, аудан әкімі лауазымына тек қана міндетті түрде «А» корпусында резервте тұрған адамдар тағайындалады. Қазіргі таңда, «А» корпусы резервінде төмендегі ОҚО-ның өкілдері енгізілген. Олар:
- Нұрбол Тұрашбеков — Астана қаласындағы республикалық мекеменің басшы қызметінде;
- Еркебұлан Дауылбаев — «Нұр Отан» Партиясы ОҚОФ Төрағасының орынбасары;
- Бейсенбек Жанбосынов — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары;
- Нұрбақыт Иманқұлов — Әл-Фараби ауданының бұрынғы әкімі;
- Қуандық Құлажанов — Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы;
- Салыхан Полатов — ОҚО Құрылыс басқармасының басшысы.
Тәжірибе көрсеткендей, ОҚО-ның аудан әкімдерінің лауазымына басқа облыс өкілдері де тағайындалған болатын. Атап айтқанда, Маңғыстау облысынан «А» корпусында резервте тұрған Мұрат Қадырбек Арыс қаласының әкімі болып тағайындалса, ҚР Жоғары Сотының аппаратында «А» корпусына теңестірілген бөлім басшысы Ғабит Мәуленқұлов Шымкент қаласы, Қаратау ауданының әкімі болып тағайындалған.