2017 жылдың басынан бері Кентау қаласының полиция бөліміне ондаған тұрғын көліктерінің аккумуляторларын ұрлап кеткені жөнінде арызданған. Сонымен, полиция бөліміне 55 жастағы автокөлік иесі қаңтар айының 11-нен 12-не қараған түні екі автокөлігінен 4 аккумуляторын белгісіз тұлғаның ұрлап, жалпы құны 130 мың теңге шығын келтіргені жөнінде арызданған.
Кентау ҚІІБ-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында күдіктіні, яғни 1994 жылы туылған жергілікті тұрғынды ұстады, кінәсін мойындаған.
Тергеу кезінде күдіктінің осы тектес 7 аккумулятор ұрлығы жайтына қатысы бар екені белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі жалпы жарты миллион теңгені құрайды. Барлық ұрлық әрекеттерін жас азамат бір жүйемен іске асырып келген: қараусыз көшеде қалдырылған автокөліктердің аккумуляторларын ұрлап, оқиға орнынын ізін суытқан. Ұрланған заттарды сатып, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсап жүрген.
Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 188-бабымен «Ұрлық» қылмыстық іс қозғалған. Айғақты заттар тәркіленді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Оңтүстікқазақстандық полицейлер автокөлік иелеріне көліктерін қараусыз қалдырмауды, есігін ашық немесе көлік кілтін қалдырып кетпеуді ескертеді. Автокөліктің барлық есігін құлттап, ішінде құжаттар мен бағалы заттарды тастап кетпеуге, сондай-ақ қарауылды автотұраққа қоюларына кеңес береді.
Егер де Сіз, осындай жайттың жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз «102» нөміріне полицияға дереу хабар беріңіз.
ОҚО ІІД Баспасөз қызметі