Қазақстанда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Үкіметтің тиісті қаулысы ресми басылымда жарияланды.
«Қазақстан республикасы үкіметінің Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілсін. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жүктелсін», — делінген құжат мәтінінде.
Негізгі параметрлерге сәйкес, бағдарламаның мақсаты халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту.
Міндеттері: еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау; еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқу; кәсіпкерлік негіздеріне оқыту; ауылда және қалада микрокредит беруді кеңейту; жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу; еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру; жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру.
Бағдарламада қойылған міндеттерді орындау жолымен 2021 жылға қарай мынадай нысаналы индикаторларға қол жеткізіледі: жұмыссыздық деңгейі 4,8 %-дан аспайтын болады (2016 жылғы 3-тоқсан – 4,9 %); жұмыс күшінің құрамындағы негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі 20 % (2016 жылғы 3-тоқсан – 27 %); өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық құрамындағы нәтижесіз жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі – 10 %-дан аспайды (2016 жылғы 3-тоқсан – 16 %); белсенді жұмыс істейтін ШОБ субъектілерінің өсуі 10 %-ды құрайды (2016 жылғы 3-тоқсан – 1 241 мың субъекті).
Республикалық бюджеттен 2017 – 40 295 647 мың теңге, 2018 – 40 664 637 мың теңге, 2019 – 41 540 291 мың теңге қаражат бөлу жоспарлануда.
Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.