Көз тұндырар табиғатымен туристерді тартатын Түлкібас «ауасы таза, экологиясы зардап шекпеген аудан» болып қала бермек. Десе де, тамылжыған табиғатымен туризмін дамытып, өндірісін өрлетіп, әлеуметтің әлеуетін көтеріп, халқының тұрмысын түзеп, экномикасын арттыруға бағытталған жұмыстары тоқтап қалмайды. Керісінше мал шаруашылығы мен бау бақша өнімдерін өндіріп, экспортқа шығарып, көптің сұранысын қамтуды көздеп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде аудан әкімі қызметіне тура осыдан екі ай бұрын тағайындалған Әуелхан Тұрғымбеков айтып берді.Түлкібас ауданы Тәуелсіздіктің 25 жылдығында білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада оң көрсеткішін көрсетіп, нәтижесін жеткізетін бағыттарда атқарылған жұмыстары бойынша көш басында. Егемендіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда халықтың саны да едәуір артқан. Яғни, 84 мың 200 азаматтан 25 жылда 110800 адамға жетіп, демографияның өсуіне өз үлесін қосып отыр. Аудан бюджеті де дәл осындай жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, өнеркәсіп өнімдерінің де салмағы басым.
Түлкібастың бренді саналатын алма бауының көлемін ұлғайту үшін міндетті межеге жету көзделіп отыр. Яғни, қазіргі таңдағы 3 мың гектарды құрайтын алма бауы 2020 жылы 4000 мыңға жеткізу көзделуде. Мұнан бөлек, жеміс жидектерді де өсіріп, тек Оңтүстік емес өзге де аймақтарды қамтып отырған ауданда 15-17 мың өнімді сақтайтын қоймалар да жұмыс жасайды. Тағы бір жағымды жаңалық, Түлкібастықтар алғаш рет балық шаруашылығын қолға алуға бет бұруда.
Түлкібас ауданында жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына септігін тигізер жұмыстар де жетерлік. Мәселен, 25 жыл ішінде 23 білім ордасы бой көтерсе, 31 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болған. Жалпы ауданда 58 білім ошағы бар. Облыс бойынша 95 пайыз табиғи отынмен қамтамасыз етілген жалғыз аудан. Яғни, көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған аудан бойынша Иірсудағы 30-ға жуық отбасының мәселесін де ұмыт қалдырмаған. Бұл жұмыс алдағы уақыттың еншісінде. Ал, орталықтандырылған ауыз сумен аудан халқының 95,2 пайызын құрайды.
Елбасы тапсырмалары мен жүктелген міндеттерінің, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында аудан барлық салаларда оқ бойы озып шығып, дараланып келеді. Табиғаты да ауданның потенциалын көтеріп, халқының еңбекқорлығы жұмысты жандандыруға сеп болып отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында атқарылған ауқымды шаруалар мен тындырымды тірліктердің барысы осылай. 110 мыңнан аса халқы бар Төлеби ауданын іскерлігімен басқарып, тәжірибесінің молдығын танытып, аудан әлеуетін көтеруде күш жігерін арнаған Әуелхан Тұрғымбековтың Түлкібасқа әкім болып келгеніне 2 ай болғанын ескерсек, әлі де атқарылар ауқымды жобалар мен тың әрі жаңа идеялар бар екені ақиқат. Ендеше алдағы уақытта Түлкібасты тағы бір жаңа қырынан танып, аудан Республикадағы даму көрсеткіші жоғары боларына бек сенімдіміз.
Еңлік Заманхан