Ағымдағы жылдың 10 маусымынан бастап онлайн режимде ЭКСПО көрмесіне билеттер сату басталды, ал 10 желтоқсанынан бастап оффлайн-сатылым басталады, деп мәлімдеді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық миссия басшыларымен кездесу барысында. Бұл туралы ақпарат Премьер-Министрдің ресми сайтында жарияланды.
«10 желтоқсаннан бастап ЭКСПО билеттерінің оффлайн-сатылымы басталады. Біз осыған дейінгі көрмелерде билеттердің құнын тыңғылықты зерттедік, барлығын ескере отырып, мұндай баға біздің азаматтарға да, шетелдік туристерге де қолжетімді деп есептейміз», — деді А. Есімов.
Бұдан өзге, ресми қатысушыларға қараша айынан бастап бірыңғай қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, онда қатысушылар консултациялар, сондай-ақ «бір терезе» қағидасы бойынша мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын ала алады.
«Қарашадан бастап көрменің логистикалық орталығы жұмыс істейді, орталық қатысушылардың өз павильондарын салуға арналған алғашқы жүктерін қабылдауға дайын болады», — деді А. Есімов.
Компания сайтында жұмыс күндеріне билеттің құны 6 мың болса, демалыс күндеріне 8 мың теңгені құрайды. Билеттерді ашық және бекітілген күнге сатып алуға болады.
Айта кетейік, көрме кезінде 2 млн астам адам келіп, 5 млн жуық келулер болады деп күтілуде.