Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде қайтыс болған жауынгердің бірі Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Ол 1997 жылы Шардара ауданы, Көксу ауылында дүниеге келген Сапар Досбол Еркінбекұлы. Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Содырлардың оғынан қаза тапқан жас жігіттің денесін бүгін Шымкентке әкеле жатыр. Әуежайда күтіп алу шарасына ОҚО-ның әкімі Бейбіт Атамқұловтың өзі қатысады деп күтілуде. Мұнан кейін, жауынгердің денесін өзі туып-өскен Шардара ауданына апарып, ертең сағат 10-00-де жер қойнауына тапсырмақ.
Еске сала кетсек, 5 маусым күні белгісіз тұлғалар Астана уақыты бойынша 15:45-те Ақтөбедегі «Паллада» қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, дүкеннің сатушысын және «Жедел Күзет» күзет агенттігінің қызметкерін өлтірген. Бұдан бөлек оқиға орнына келіп жеткен үш полицейге оқ атып, жарақаттаған. «Пантера» атты қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасау кезінде келушілердің бірін өлтіріп, екіншісін жаралаған. Бұл жерге келіп жеткен полиция нарядымен арада атыс болып, үш қылмыскердің көзі жойылды, біреуі қолға түсті.
Ұлттық ұлан әскери бөліміне шабуыл жасау үшін содырлар бағдарлық автобусты жүргізуші мен жолаушыларды шығарып жіберіп, басып алған. Кейін автобуспен әскери бөлім дарбазасын соғып кіріп, көзге көрінген адамды ата бастаған. Солайша үш әскери қызметкерді өлтіріп, алтауын жаралаған. Кезекші қарауыл қару қолданып, қылмыскерлердің бетін қайтарған. Оқиға орнына жеткен полиция нарядымен бірлесе олар бір содырды өлтіріп, екіншісін жаралаған және қолға түсірген.
Жалпы, Ақтөбеде антитеррорлық операция кезінде 4 содырдың көзі жойылып, 7-еуі қолға түсті. Оның екеуі жараланған. Қазіргі кезде қалған қылмыскерлерді табу үшін барлық амалдар жасалып жатыр». Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің басшысы Алмас Садубаев хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, шабуылды теріс ағымдағы дін ұстанушылар жасаған. Ақтөбе қаласында антитеррорлық операция режімі жарияланды. Ойын-сауық мекемелерінің жұмысы мен қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылды.