Сейсенбіде Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыланды. Жиынға қала әкімі Ғабидола Әбдірахымов та қатысты. Күн тәртібінде «2016-2018 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу мәселесі және қала әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, жастарды үйлестіру кеңесінің дербес құрамы және діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңестің құрамына өзгеріс енгізу туралы мәселесі де қаралды. Нәтижесінде, Шымкент қаласының қазынасы 104 млрд. теңгеге ұлғайды. Өткен жылға қарағанда 25 пайызға өскен бюджет қаржысы әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешу мақсатында жұмсалмақ. Яғни, қала бюджеті 103 млрд 900 млн теңгені құрады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 29 млрд 602 млн, облыстық бюджеттен 24 млрд 938 млн теңге қаралған. Ал қала бюджетінің кірістері 49 млрд 359 488 теңгеге жетті. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекованың баяндамасында кеңінен айтылды. Мұнан өзге, 2016 жылға республикалық бюджет және ҚР ұлттық қор трансферттерден 11 млрд 288 735 мың теңге түзету есебінен енгізілген болатын. Оның ішінде ағымдағы трансферттен 2 млрд 85 307 мың теңге, даму трансферттерінен 9 млрд 203 млн 428 мың теңге қаралып отыр. Атап айтқанда, «Тұран» шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық жұмыстары мен тұрғын-үй құрылыстарына бағытталмақ.Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының биыл өз әкімшілік орындары белгіленіп, техникалық негіздеме құжаттарына қала бюджеті қаржы қарастырып отыр. Сонымен қатар, Ынтымақ мөлтекауданының жобалық сметалық құжаттары да осы жылдан қалмай дайын болады дейді қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова. Сондай-ақ, қаладағы бірнеше әлеуметтік, қоғамдық, құқықтық коммисия құрамдарына өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік қызметкерлерден құралған комиссия және түрлі кеңестердің құрамы бүгінгі отырыста халық қалаулыларымен толықты. Мұнан былай, шаһар аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдананылмай жатқан жерлер мен бірыңғай жер салығының мөлшері артатын болды. Депутаттар бірауыздан қабылдаған бұл шешім жерді алып, пайдасына асырмай жатқандарға жүген болмақ. Енді оларға салынатын салықтың көлемі 10 есеге дейін өспек.
Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе қалалық мәслихаттың 3 бірдей шешімін жоюға бағытталды. Заңдылықтарға өзгерістер енгізілуіне байланысты коммуналдық қалдықтар мен оларды әкету, пайдаға асыру мен ауылшаруашылығы бойынша пайдаланылмайтын жерлердің жер салығына байланысты шешімдер өз күшін жойды. Сондай-ақ, «Б» корпусы бойынша Шымкент қалалық мәслихат аппаратының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесі бекітіліп, штат құрылымы туралы шешіміне өзгерістер енгізілді. Мұнан былай бөлім меңгерушілері енді бөлім басшылары деп аталатын болады. Қаланың қазынасының едәуір есеге өскендігін қуана жеткізген қала әкімі Ғабидолла Рахматуллаұлы сессия соңында сөз алып, өзінің 5-ші орынбасарымен таныстырды. Шаһардағы ауыл шаруашылығы жөнінде мәселелермен бұдан былай Баймұханов Тимур Сұлтанбекұлы айналысып, осы сала бойынша сұрақтарға жауап бермек. Жоғары білікті маман бұл қызметке дейін қала әкімінің кеңесшісі лауазымын атқарған.