2222

Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

8 тамыз – Оңтүстік халқы үшін күтпеген оқиғаның орын алуымен ерекшеленді. Яғни, облыс әкімі Асқар Мырзахметов жаңа қызметке ауысып, өңірді Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов басқаратын болды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Асқар Мырзахметовке  Нұрсұлтан Назарбаев үлкен сенім артты.  Оңтүстік тарихында алғаш рет әкім орынтағында ұзақ отырған басшы Асқар Исабекұлының әрбір тірлігін жұрт жоғары бағалайды. 6 жыл 5 ай 4 күн облыс әкімінің міндетін атқарған азаматқа енді Көшбасшы партияның жұмысы сеніп тапсырылды.

Image2

Сенбідегі ауыс-түйіске байланысты Елбасының өзі Шымкентке келіп, облыстың жаңа басшысын таныстырды. ОҚО Мәслихатының және облыс активінің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік өңірін Асқар Мырзахметов басқарған 6,5 жыл  ішінде аймақ экономикасының 2,5 есеге өскендігін айтып, әкім жұмысын жоғары бағалады.

Ашығын айту керек, 2009 жылдың 4 наурызында Оңтүстікке әкім болып келген Мырзахметовпен халық етене жақындасты. Қайсыбір мәселе болмасын басшыға тікелей барып, өз сауалын қоюға мүмкіндік алды. Облыста қордаланған проблемалар дер кезінде шешімін тауып, қай сала болмасын өзіндік өркендеу жолын кешті. Әлеуметтің де әлеуеті артып, экономикамыз жанданып, мәдениетіміз міндеттелсе, әдебиетке көңіл бөлініп, ардақты жандардың асыл еңбегі бағаланды. Ал, спорт саласының майталмандарына жасалған жағдайды жеткен жетістіктерден айтпай-ақ аңғаруға болады. Аймақтың тыныс-тіршілігін тікелей  өзі қадағалауы үшін әрбір елді-мекенге жекелей жасалған сапар Асқар Мырзахметовтің ғана қолынан келді. Қуаныштысы, жамағатпен жүздесіп, ұсыныс-тілегін қабыл алды. Қолынан келген көмегін аямай, жергілікті тұрғындардың мәселесін шешуге білек сыбана кірісті.

Асқар Исабекұлы ОҚО-на әкім болып тағайындалғанда ауыл шаруашылық саласы дамитындығына өңір тұрғындары күмән келтірмеді. Аграрлық саланы жетік меңгерген басшының бұл саланы өркендетуі алдымен ауыл шаруашылығына қажетті жерді түгендеуден басталды. Соның арқасында бірқатар пайдаланылмай жатқан жер көлемі анықталып, облыста егістік алқаптарының көлемі ұлғайды. Міне осының нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл сайын еселене түсті.

Елбасының тапсырмасымен, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлініп отырған тұста, жаздық алаңшалар көбейіп, ел иігілігіне берілсе, үш ауысымды және апатты мектептердің қатары облыста толығымен жойылды. Мәдениет нысандары қалпына келтірілді. Ал, ата-баба рухын асқақтатқан, 140 мыңнан астам жауынгердің есімі тасқа қашалып жазылған  «Даңқ» аллеясы қаумалаған қазақтың көз қуанышы болды. Өйткені, мұндай текті ұлдың жасаған  жақсылығы   — жұртқа естелік болып келсе, есімдерін мәңгі жүректе сақтау үшін қойылған тақтайшалар – ұрпаққа  жасалған аманат еді.  Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрған тұста, «Құрмет» Орденімен қатар бірнеше мемлекеттік наградаларға қол жеткізді. Соның ішінде Шымкенттегі саябақтардың санын көбейтіп, халықтың тынығатын орындарын молайтты. Заманауи үлгіге жасақтап, тұрғындар үшін төселе қызмет көрсетті. Ел «Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» тарту еткен Тәуелсіздік саябағының жобасы  үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Image4

Ал, Президенттің Шымкентті республикадағы үшінші қалаға айналдыру тапсырмасын орындауда облыс орталығында бірқатар жобалар жүзеге асты. Яғни жаңа әкімшілік іскерлік орталығы айналасына шоғырланған әлеуметтік нысандар мен құрылысы қызу жүріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер — Шымкент шаһарын гүлдендіре түсті.  Бұл да Асқар Мырзахметовтың жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің пір парасы. Осы ретте 6,5 жылға жуық уақыт басқарған өңірдің әрбір жетістігін Асқар Исабекұлы Елбасының сындарлы саясатымен байланыстырады.

Елбасы қаймағы бұзылмаған Оңтүстікке келген әр сапарында келешегі кемел өңірдің зор мүмкіндігін ерекше атап, Асқар Исабекұлының жұмысына жоғары баға беріп кететін. Өйткені  Республика бойынша ауқымды істерімен айқындалып тұрған  қарышты қадамдар мекенінің жетістікке жетуі бірінші кезекте бірінші басшыға байланысты. Аймақтың келбетін көріктендіріп, өндірісін өрлетіп, халықтың тұрмысын түзеуде күш жігерін, білімін сарп етіп, іскерлік қасиетін танытып жүрген білікті  де білгір, тәжірибелі басшы жұмысының нәтижесі.

Президент  Асқар Исабекұлының алдағы қызметіне де зор сенімін білдіре отырып  ОҚО-ның жаңа әкімін де таныстырып өтті. Ол — Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов. 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1985 жылы Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының Жез балқыту зауытынан бастаған Бейбіт Бәкірұлы 1986-1991 жылдары  Шымкент қорғасын зауытында балқытушы, ауысым шебері, жетекші инженер сынды қызметтер атқарған.  Ал, 1995 жылы Теміртау қаласындағы  «Қарметкомбинат» бас директорының бірінші орынбасары, 1996 жылы «Рахат metals» комбинатының бас директоры сынды металлургия саласындағы қызметтерді атқарған. Сондай-ақ, ол 2006 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісінің елші-кеңесшісі, 2007 жылы Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы елшісінің елші-кеңесшісі, 2008 жылы Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулы, 2010 жылдан бастап Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин Республикасында  Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. 2012 жылдың 1 қазанынан бастап Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, ал, 2014 жылы Инветсициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы болып еңбек еткен.

Image5

Ендігі жерде үш миллионға тарта тұрғыны бар Оңтүстікті түлетуге үлес қосамын деп отырған Бейбіт Атамқұлов өзіне артылған үлкен сенімді ақтау жолында тер төкпек.

 

 

 

 

 

 




One thought on “Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

  1. Махпал

    Жана акимнин орны кутты болсын, жане де осы жана аким келип сал болсада осы швмкент каласында турып жаткан мугедек балакайларымыздын жагдайларын сал жаксартса екен деген сурануым бар.

    Reply

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!