Арыс қаласында халықтық кеңсе ашылды. Қалалық әкімдік жанынан ашылған ғимаратта тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 70 шақты түрі көрсетіледі. Сондай-ақ орталықта шешімін таппай, халықты толғандырып жүрген мәселелер мен жергілікті билікке қатысты арыз-шағымдар да қаралады. Жаңа кеңсе толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Электронды кезекке тұрып, ғаламтор арқылы ақпарат алуға болады. Игілікті істер тек мұнымен шектелмейді. Осы орайда халықтық кеңсенің ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек жаңа ғимараттың лентасын қиды. Айта кету керек әкімдік жанындағы кеңседен қалалық әкімдікке қарасты алты бірдей бөлімнің мамандарына орын берілген. Олар өз салалары бойынша кеңсеге келген азаматтарға қызмет көрсететін болады.
Айталық бұған дейін жергілікті тұрғындар білім, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер қатынастары бойынша туындаған мәселелермен қалалық әкімдік және салалалық мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Сөйтіп жүріп, уақытын жоғалтатын. Енді олай сабылудың қажеті жоқ. Барлығын бір күнде бір жерден тындыруға болады. Қала әкімінің айтуынша, кеңсе жылына бірнеше мыңдаған астам азаматтың өтінішін қабылдауға қауқарлы. Алдағы уақытта халықтық кеңсе арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту межесі де күн тәртібінде тұр.
aigak.kz