Еліміздегі індетке байланысты мектеп оқушылары қашықтықтан және шектеулі баламен кезекші сыныпта білім алуда. Ал, ата-ананы компьютер мен интернет мәселесі қинайды. Осыған орай, ҚР Білім және Ғылым министрлігі оқушыларды қашықтықтан оқытуға дайындау барысында тиісті шаралар атқаруда. Соның бір дәлелі, Түркістан облысының мектеп оқушыларына қосымша 57 190 компьютерлік құрылғылары жеткізілді.
Түркістан облысында жалпы білім беретін 912 мектеп жұмыс істейді. Бүгінде облыста 500 мыңнан астам бала білім алуда. Өздеріңізге мәлім, індеттің таралуының алдын алу мақсатында оқушылардың басым бөлігі қашықтықтан оқыту форматына көшкен. Алайда, олардың білім алуын қамтамасыз ету үшін жүргізілген мониторингке сәйкес, облыс бойынша 79 214 балаға компьютерлік техника қажеттігі анықталған болатын. ҚР Үкіметі резервінің қаражатынан 7 мыңнан астам планшет, 5952 компьютер, 43 527 ноутбук әкелінді. Оның 4000 данасы жаңа оқу жылының басында оқушыларға үлестірілген.
Қазіргі таңда қабылдау комиссиясы компьютерлік техниканың ахауы бар-жоғын тексеруде. Оның ішінде оқушылар 2 айға арналған «Білім» тарифы қосылған сим-картамен қамтамасыз етілген. Ескерте кетейік, қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында алынатын құрылғылар негізінен аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға таратылады. Техникалардың әр оқушыға жеткізілуін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы жанынан құрылған жетекші топ мүшелері қадағалайды.
Үкімет резерві қаражатынан берілетін компьютерлік құрылғылар 30 қазанға дейін алынып, оқушыларға үлестірілетін болады.