
Елде вирус тарап, халықтың бірқатары дәріханада кезек күтіп, қажетті дәрілерін ала алмай жатқан жайлар кездеседі. Дәрі бағасы қымбаттады дегенді қала тұрғындардың аузынан көп естиміз. Рысқұлов көшесінің бойындағы «Мұрат фарм», «180/20», «Зерде» секілді кездескен дәріханаларға жүргізілген рейд барысында халықтың сұранысында жүрген: парацетамол, аспирин, анаферон, генферон, анальгин, азитромицин, аскорбин қышқылы секілді дәрілердің қайсысы сатылымда екенін білуге тырыстық. Аталған дәрілердің біршамасы «Зерде» дәріханасында кездесті. Бағасы да қол жетімді дейді қарапайым халық.
«DariKz» туралы естігендер жоқ болса, назарға алған жөн. Қазіргі дәріханаларда дәрі бағасының қымбаттағанын байқасаңыз немесе тұрақты бағасы қанша екенін білгіңіз келсе, аталған бағдарламаны ұялы телефоныңызға орнатып, алатын дәрінің атауын жазыңыз. Содан соң, тұтынбақ болған дәрі-дәрмектің негізгі бағасы шығады. Егер, дәріхана қызметкері шекті бағадан асыра сататын болса, шағымдануға болады.
Пандемия кезінде қалта қалыңдатуға тырысатындар көбейді. Осындай заңсыз дүниелерді болдырмау және алдын алу мақсатында халық жанашырлары тексеріс жүргізіп, бақылауға алуда.
