Бүгін ҚР Үкіметінің отырысы өтіп жатыр. Күн тәртібінде төтенше жағдайдан зардап шеккен Мақтаарал ауданының қазіргі ахуалы туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат».
Өмірзақ Естайұлының баяндамасына сәйкес, Мақтаарал ауданындағы 7639 га жерді су басты. Мал шығыны алдағы уақытта толықтай есептелетін болады. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 303 полиция қызметкері жұмылдырылса, 53 арнайы көлік бар. Су арналарына бекеттер салынып, коллекторлар орнатылған. Сондай-ақ, судың жайылып кетпесі үшін канал қазу жұмыстары қарқынды түрде атқарылуда.
Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмыс тобы 2 мамыр күні шұғыл түрде Өзбекстанға барып, Сардоба суқоймасында орын алған жағдайды бақылап қайтқан болатын. Өзбекстан билігі де 70 мың тұрғынды уақытында эвакуациялап, 10 елдімекені су астында қалған. Қазіргі таңда, Мақтаарал ауданының Қоғалы ауылындағы көпірді қарап, қосымша каналдар салу жұмысы басталып кетті. Жерасты сулары жақын болғандықтан, төтенше жағдай орын алған ауылдарда судың ұзақ тұруы мүмкін екендігін Түркістан облысының әкімі Үкімет басшысына баяндап, Экология министрлігінен қажетті шараларды қолға алуды сұранды. Сондай-ақ, Арыс тәжірибесін пайдалана отырып, әр үйдің шығындары есептелетін болады. Егілген егістердің өтемақысын да есептеп, өтеп беруге көмектесу керектігін Өмірзақ Шөкеев нақтылап берді.
Айта кетейік, Түркістан облысындағы елді мекендерді су басу салдарын жою жөніндегі Үкіметтің арнайы комиссиясы құрылған болатын. Аталмыш комиссияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр басқарады.