Дәл қазір еліміздің бірқатар облыстарында ызғарлы қыс маусымы қаһарына мініп тұр. Яғни қаңтар айының соңында бірқатар аймақтарда күн райы күрт суытып маңызды асуларға қалың қар түсті.
Бұл ретте Түркістан облысындағы үш бірдей асуда кешеден бері жол қозғалысы тоқтатылса, «Оңтүстік» жолдары мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының арнайы техникалары мен жұмысшылары бұл аймақтарда үзіліссіз қар тазарту жұмыстарымен айналысуда. Айта кету керек дәл қазір жабылып тұрған Бәйдібек ауданының «Қошқарата — Жарықбас – Бірлік» бағытындағы «Шыбықбел» асуында да төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде.
Осы орайда 27 қаңтар күні аталмыш бағыттағы жолдың 100-ші шақырымынан бастап 120 шақырымы аралығында көлік қозғалысы уақытша тоқтатылса, осы аумаққк келіп үлгеркен көліктер кері қайтарылған. Ал Шыбықбел асуының дәл түбіне келіп боранмен ұйытқыған қалың қар құрсауында қалған бірді-екілі жеңіл автокөліктерді «Оңтүстік» жолдары мекемесінің техникалары шығарып алуда. Сонымен бірге ос аумақта орналасқан арнайы жылыту бекетіне кешегі боранда көліктері жолда қалып қойған төрт жолаушы түнеп шыққан.
Қазіргі таңда бұл күрделі асу бойында қар тазалаушы мекеме қызметкерлерінен өзге Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары мен жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да жүр. Олар бірлескен түрде асудағы ахуалды түзеп қауіпсіздік сақтау мақсатында жолаушыларға жабық деп хабарлама келген жолдармен жүрмеуді ескертеді. Бүгінгі таңда Шыбықбел асуын қар құрсауынан тазарту жұмыстары аяқталуға таяса «Жамбыл- Құмкент — Шолаққорған» бағытының 52-ші және 72 шақырымдары аралығындағы «Ащысай» асуы да үскірік боранға байланысты жабылып отыр. Оған қоса облыстық маңызға ие «Ұланбел – Созақ – Екпінді» жолының да 577 ден 643 шақырымдары бүгін түс қайта жабылып мамандар тәулік бойына асу бойын қардан тазарту жұмыстарын жүзеге асыруда.