• Біз туралы
  • Сұрақ-жауап
  • Жарнама беру
  • Мұрағат
WhatsApp +7 (701) 441 6666
АЙҒАҚ ONLINE
"Айғақ" ақпараттық порталы
No Result
View All Result
Бейсенбі, Мамыр 15, 2025
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Қоғам
    • Экономика
    • Мәдениет
    • Әлеумет
    • Тарих
    • Боздақтар
  • Шымкент
  • Түркістан
  • МӘДЕНИ АСТАНА
  • Жобалар
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV
    • Фотогалерея
    • Бейнематериалдар
16+
"Айғақ" ақпараттық порталы
No Result
View All Result
Басты бет Айғақ TV

Елдік мәселелердің түйіні ел болып ұйыссақ қана тарқайды

24.09.2019
0

Өткен апта соңында Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Eldik elge bailanysty» қоғамдық форумы ұйымдастырылды. Аталған форум спикерлері жаңа технологиялар дәуірінде ұлт болып ұйысу, ынтымақ пен бірліктің бағасын білу,  күнделікті жиын-тойларда ысырапшылдық пен мақтангершілікке жол бермеу және ұрпақ тәрбиесінің ең өзекті мәселелері турасындағы ойларын ортаға салды.

Қазақтың арғы-бергі тарихы мен бүгінгі бет-бейнесі, жаңа ғасыр бедеріндегі ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің, өмір сүру дағдысының бағыт-бағдары төңірегінде пайымды пікірлер айтылған форумды облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік ашып, жүргізіп отырды.

Форумда алғаш болып сөз алған облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сана мен мәдениет, ұлт бірлігі, даңғазалық жайындағы оралымды ойлары көпшіліктің көкейінен жол таба алды.

– Қоғам да, адамдар да өзгерді. Сана мен мәдениетке байланысты мәселе көбейді. Сондықтан бүгінгі қоғамдық форум форматындағы басқосу қажет дүние. Келешек қоғам мен ұрпақ үшін ұялмайтын сөз айтуға тырысайық!

Қазақ халқы бар жиделі ғұмырында ынтымақ пен бірлікке ынтызар болып, жалауын төмендетпеген  халық.

            Біздің мұхиттың шар айнасындай өмірімізге, күнделікті тірлігімізде, оның ішінде сан белесті бағдары бар болашағымызға – ынтымақсыз, бірліксіз, өзара татулықсыз бара алмайтынымыз ақиқат.

            Халқымыздың басынан өткен небір алапат шайқастар, тар жол тайғақ кешулерде – осы ынтымақ пен бірліктің серік болғаны белгілі.

            Өйткені, осы асыл дүниелер – кешегі ұлы бабалардан қалған бағасы жоқ теңдессіз аманаттар.

            Ал, еліміз Тәуелсіздігін алған шақта бірлік пен ынтымақ ұлттық иделогиямыздың тірегіне айналып, мызғымас құндылық биігіне көтерілгені айқын. Бүгінде «бірліктің жалауын көтеріп, шын жанашыры» болып кейбір егде кісілермен қатар естияр азаматтар кездескен шақта «руың қайсы, ат мінген атаң кім, жерің қайда?» деген сұрақтардың астына алары заманның дертіне айналып бара жатқан қынжылтады, –деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Мұнан әрі спикер өз сөзін қазақы дәстүрдегі бала тәрбиесі, той мәдениетіндегі даңғазалық туралы ойларымен жалғады.

  • Тоқсан тоғыз түйіннің бір ұшы – отбасындағы бала тәрбиесімен өрілмеуші ме еді. Отбасы қалай десек те тәрбиенің негізі қалыптасатын ордалы мекен, киелі орын. Қазақ баласын – ұл немесе қыз деп бөлмеген. Бірақ, дәл өрілген мақал-мәтелдерімен, тағылымы мол аңыз әңгімелерімен ұл балаға бөлек, қыз балаға бөлек тәрбие бере білген дана халық.

Ал, бүгінде осы бір ұлы қасиеттерден арамыз алшақтап бара жатқандай күй кешіп жүрміз.Кейде той мәдениеті туралы сөз қозғап, оның әбден жаттанды,жұртты ығыр қылған жағын айта қалсақ «Қазақ шаршаса тойдан шаршасын, Тәңірім халқымды осындай той-думаннан айырмасын» деп тереңіне мән бермей, көңіл көтеретін тұстарын алдыға шығара саламыз.

            Әңгіме — осы  бізде даңғазалық етек алып бара жатқан жоқ па? деген сауалға келіп тірелетін көп жағдай туралы туралы болып отыр. Иә, біздің бабаларымыз бір заманда атақты байға ас беріліп, 620 жылы, 200 қой жұмсалған екен, деген деректі білеміз. Ат бәйгесіне 100 жылқы тігілген деген сөз де рас. ХІХ ғасырда Ерейментауда өткен Сағынайдың асында жұмсалған шығын әйгілі Тәж Махал мавзолейін салуға жұмсалған қаржымен пара-пар түскендей екен. Қазір де аста-төк дүниені шашып жатқандар аз емес.

Бұл қарапайым халыққа қалай әсер етеді. Мұны да ойлап қою керек шығар, –деді халық қалаулысы Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Бүгінде қоғам назарын ерекше аударар мәселенің бірі жастар саясаты екені белгі. Заман ағымымен мың құбылған жастардың ой-өрісі, таным түсінігі тым басқа. Ел ертеңі саналатын өрендердің ертелі кеш смартфондар мен компьютерге үңіліп, тәлім-тәрбиені, үлгі-өнегені ғаламтордан алып жатқаны да жасырын емес. Осы бір өткір мәселеде дәстүрлі қазақ қоғамының айнымас бөлшегі саналғанымен бұл күндері желісі үзілген жастар тәрбиесінде қариялардың ықпалын күшейту қажет-ақ. Форумда сөз алған еңбек ардагері, баталы қария Әбілқасым Ергебековтің де ойы осы төңіректе өрбіді.

–Халқымызда «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген даналық сөз бар. Біздің қоғамда жастың да, қарияның да орны ерекше. Елдің келешегі, жастардың дұрыс қалыптасуы орта буынға да, қарияларға да байланысты. Қоғамда қариялардың рөлін көтеру маңызды деп білемін.

Кәрілік адамды қартайтпайды. Адамды қол қусырып отырған қартайтады. Жастар тәрбиесіне мән бермеген, жастарға жол сілтемеген кәрілік –зая кетеді. Бала тәрбиесінде ұсақ дүние болмайды. Балаға ұл, қыз демей өздеріне өздері қызмет етуді жастайынан үйрету керек. Еңбекқорлық содан қалыптасады. «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамас» деген қағиданы ұғындыруымыз қажет.

Бүгінде мемлекет тарапынан жастарды қолдаудың барлық тетіктері қарастырылған.  Жастар жылында қайтарымсыз несиелердің берілуі, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша қыруар жұмыс бар. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген ақылды, зерек жастардың таудай талабы қуантады.

Десе де бір дүние ғана көңіліме кірбің түсірді. Бұл жастар арасында өз өзіне қол жұмсаудың жоғарылап отырғаны. Бұл не кесапат? Әлде тәрбиенің, баланы қиындыққа төзуге үйретудің әлсіздігі ме? «Сәби таза тақта, сол тақтаға не жазсаң соны оқисың» дейді Аристотель. Сол таза тақтаға ғибрат пен тәлім жаза алмаған қоғамның індеті ма? Расын айту керек бүгінгі қоғамда кейбір ата аналарға да тәлім керек. Осы мәселеге уақыт оздырмай әсер етуіміз қажет деп ойлаймын, –деді қария.

Ал «һибатула Тарази» облыстық орталық мешітінің наиб-имамы Бақтияр Әміреев көпшілікті қайғы қуанышта ас та төк дастархан жайып, қала берді дүниеден қайтқан кісінің басына белгі қоюды бәсекеге айналғандардың әрекетіне тыйым салуға шақырды. Әрі бұл тұрғыда қадым заманнан қолданыста жүрген халқымыздың әдет-ғұрпы мен өмір сүру жоралғысы мысал етіп, құдайы тамақ берудің Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұсынған ас мәзірімен таныстырды.

– Тағылымы мол жоралғыларды берік ұстанған халқымыз ешқашан ысырапшылдыққа  жол бермеген. Ысырапшылық – Алла Тағаланың сүймейтін іс, оның  зияны мен зардабы көп. Бір өкініштісі, соңғы кезде көптеген салт-жоралғылар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап барады.

Дүниеден бір кісі өтсе, оны ақтық сапарға шығарып салу –мұсылмандардың міндеті. Бірақ көпшілігіміз мал-дүниемізді қайтыс болған жандар үшін емес, жұрттың мақтау сөзі үшін сарп етіп жатқандаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы садақа, құдайы тамақ берудің ас мәзірін бекітті.

Мәзірге бауырсақ, жеті нан, тары, құрма, қант, кәмпит, сары май, шай, өрік, мейіз, қаймақ, ет пен күріш кіреді.

  Бұл жөнсіз ысыраптың алдын-алудың бірден-бір жолы, –деді Б.Әміреев.

Қоғамдық форумда көтерілген мәселелердің негізгі үлесі ұрпақ тәрбиесінің еншісіне тиді. Текті ұл мен қыздың тәрбиесін талбесіктен, отбасы-ошақ қасынан бастау керектігі жайында байламды пікірді ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова айтты.

  • Әр отбасының алғашқы ұстазы — ол ата-анасы. Ұлын ұлықтап, қызын үкілеп ұлтымыздың асыл дәстүрімен өскен бала, отбасының қуанышы ғана емес, еліміздің зиялы азаматы болып өсуі анық.

Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылда өзгерген Тараздың сәулеттік келбетіне көз сүйсінеді. Қала ерекше көркейді. Ұлттық нақышы түбегейлі өзгерді. Мен Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында тақталардан Ұлы Отан соғысының құрбаны бауырым мен әкемнің есімін оқығанда, көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау,  ұлтын сүйген азаматтың  ғана қолынан келетін игі іс.

   Осы жақсылықты ұзақ мерзімге  сақтап қалу үшін әр адам келеңсіз жағдайдың қасынан үндемей өту ақылға қонбайтын нәрсе. Оны талайымыз көріп те жүрміз. Сондықтан, жастарға жөн сілтеп айта жүрейік.

   Ұрпағымыздың санасына ұлттық рухымызды сіңдірсек, тілі мен дінін қадір тұтар намысты ұл, инабатты қыз тәрбиелесек, ізгілікті қоғам жасай аламыз,–деді ардагер ұстаз.

Ұстаз ойын облыстық мәслихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев та құптады. Өз сөзінде спикер ұлт үшін өзекті саналатын ұрпақ тәрбиесін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен қатар ұштастырудың маңызы зор екендігіне баса назар аударды.

–«Рухани жаңғыру» – өмір сүру дәстүріміздің, елдік шежіренің 62 тамыры. Өкінішке орай бізде осынау терең түсінікті қабылдау жағы әлі де әлсіздеу. Тұтас қоғамның санасына сілкініс әкелуі керек бағдарламаның негізгі мән-мазмұны құр даңғаза, ұранбайшылық, оңды-солды ойқастаған ойын-сауықтардың қалтарысында қалып жатыр.

Жалпы шын мәнінде қай тұрғыда, қалай жаңғыруымыз керек? Бұл бәрімізді ойлантуы қажет. Ең әуелі тарихи тамырымыздың өзі тудырған ерен ерліктердің, жасампаздықтың, пайым-парасаттың пәрменімен жақсылық жасалып, ғасырлардан ғасырларға жалғаған ұлттық рухани құдіреттің жаппай санаға сіңіруімен ғана жаңғыра аламыз. Бұлай болмағанда адамды мезі қылатын айғай сүреңнің айналасында қала береміз.

Біздің Таразда өткенді өмірге әкелудің біраз тамаша үлгілері дүниеге келді. Бір ғана «Даңқ» залын алыңыз еңсесі биік, ерліктің шежіресі. Құрылысы жүріп жатқан «Шахристандағы» облыстық «Руханият» орталығын алыңыз. Облыс тарихының барлық құндылықтарын бойына  сіңірген заманауи сәулет. Міне бұл «Рухани жаңғырудың» ең басты сұранымдарына сай келетін үлкен шаруа.

«Рухани жаңғыру» қоғамның өткеніне  сабақ алып, адамдық тұрғыдан тазаруы. Олай болмағанда адам санасына сыймайтын құбылыстар орын алады. Мәселен 2015 жылғы статистика бойынша Жамбыл облысында 350 қыз бала мектеп партасында отырып ана атанған. Айтуға ауыз бармайтын осы бір мәселеге біз мектепті, ондағы педагогикалық ұжымды кінәлаймыз.  Ал шын мәнінде қазақта «Қызғы қырық үйден тыйым» деген аталы сөз бар емес пе? Ойланайықшы, бір ғана осы мәселеге жол бермеу үшін біз не істедік? Қоғам не істеді? Бұл өте сорақы нәрсе, – деді А.Майлыбаев.

Форум барысында ұлттық құндылықтар, той мәдениетін заман ағымына қарай бейімдеу, әлеуметтік желіні кәдеге жаратудың әдебінен аттамау секілді мәселелер де қаузалды.  Бұл орайда «Асыл арман» ұлттық дәстүр  мен өнерді қолдау» қоғамдық  бірлестегінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың ұсыныстары да қызу қолдауға ие болды.

–Бізде аса көңіл бөлуді талап етіп отырған мәселе ұлттық құндылықтар, соның ішінде, дәстүрлеріміз бен ұлттық санаға деген жанашырлықты күшейту болып отыр. Олай дейтінім, қазіргі өркениттік ағынмен араласып, ұлттық тынысты тарылтатын ақпараттық толқындар, діндегі бұрмалаушылық, тіл мен ділге деген жауапкершіліктің әлсіздігі  тағысы тағы айтарлықтай кемшіліктер бар. Бұл кемшіліктерге тойтарыс беретін төте жол  –ұлттық тәрбиені күшейту деп білемін!

«Той мәдениеті – ұлт мәдениеті». Бұл орайда жүйелі жұмысты қолға алған Меркі ауданын мысал еткім келеді. Өткен жылдың қазан айынан бастап Меркі ауданы әкімдігі той мәселелерін дұрыс жолға қойды. Қазір Меркіде той 19:00-24:00 аралығында ғана болып жатыр. Осы арқылы ең бірінші халықтың қазынасы саналған той берекесін кетірмеу, уақытты тиімді пайдалану, құқық бұзушылықты болдырмау, той қызметкерлерінің еңбегін жүйелеуге қол жеткізілді. Бұл бастаманы баршаға ортақ ету керек.

Баршаға мәлім XXI ғасыр әлеуметтік желінің ақырған бурадай әбден күшіне мінген кезеңіне айналып тұр.  Осындай өлара кезеңде ұлт болып сақталып қала аламыз ба, жоқ болып жер бетіне тараламыз ба деген сауал, кез келген саналы ұлттың басты проблемасына айналып үлгерді. Ұлттық идеологиясы мықты мемлекеттер етек-жеңін жинақтап, алдын-артын сараптап, сананы жаулаған сиқыршы – күштің алдында қасқайып тұруға әрекет жасауда. Бұл бейберекетсіздікті заңмен тұсауға – демократия деген жалған ұран тосқауыл. Соның салдарынан әлеуметтік желі – үлкен күшке иелік етуде. Сол себептен де әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындарға, ар-намысқа тиетіндерге, билікке тіл безейтіндерге қарсы бұлтартпас бір заң керек сияқты, –деді Ринат Нұрақбаев.

Ал дәрігер Сағындық Ордабеков ХХІ ғасырдағы әлемге күллі қазақты танытудың тетігі ұлттық құндылық екендігін алға тартады.

  • Ұлттық құндылық – ұлттың тірегі! Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі жаһандану дәуірінде кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер — сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.

Ұлттың құндылығының ең маңыздысы, ең қазынасы – тіліміз деп айтсам артық айтпаған болар едім. Тілі жоқ халық, тілін құрметтемеген, білмеген халық – өлі халық. Бұл менің тіл турасындағы өте ащы ұстанымым, –деді С.Ордабеков

Форум спикерлерінің ізін ала сөз тізгіндеген Батырбек Құлекеев те той мәдениеті мәселесіне айрықша тоқталып, ондағы даңғазалық пен бос мақтангершіліктің  дәурені өткенін жеткізіп, заман ағымымен мұндада әлемдік тәжірибенің озық үлгісін мәселесін тілге тиек етті.

Жиынды облыс әкімі Асқар Мырзахметов  қорытындылап, форум қатысушыларының облыс жұртшылығына үндеуін жариялады.

— Біз, «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумына қатысушылар, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, этносаралық және конфессияаралық татулық, бірлік пен береке, ұлттық құндылықтар сияқты қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін басшылыққа ала отырып, облыс тұрғындарына Үндеу жолдаймыз.

Тарихтың тағылымы — ұлт болып ұйысып, ел болып еңсені тіктеудің басты кепілі — бірлік пен елдік екені белгілі.

Ендеше, қоғамның, ұлттың дамуында кедергі келтіріп, кейбір кертартпа дағдылар мен әдеттер бүгінде белең алып бара жатқан уақытта елдігімізді, бірлігімізді көрсететін кезең келді.

Тамыр-таныстыққа, жүзшілдік пен рушылдыққа, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке, мейірімсіздік пен қатыгездікке, жалғанға еліктеу мен дүниеқұмарлыққа, масылдық пен мансаптыққа, қанағатсыздық пен үнемсіздікке, арсыздық пен намыссыздыққа, келе берді жалпы мәдениетсіздікке көзіміз де, етіміз де үйреніп бара жатқан сияқты. Сондықтан, өркениет емес өсекке, зиялылық емес зияндыққа, парасаттылық емес пасықтыққа, ізгілік емес ібілістікке итермелейтін мұндай «ғұрыптарға» ел болып тосқауыл қойылатын уақыт келді.

Шілдеханадан бастау алатын аста-төк тойлар, астар, мәні мен сәні мүлде өзгерген дастархандық басқосулар, елді ізеттілікке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа, имандылыққа емес, өзге жолға бастауда.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді осындай келеңсіздіктерге бой алдырмауға шақырамыз және заң талаптарына сай шешім қабылдауды жергілікті атқарушы және өкілетті органдардан сұраймыз.

«Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, деструктивті діни ағымдардың ел арасына еніп, жастардың санасын улап жатқаны да өз алдына бір төбе. Бұл үрдіске де тосқауыл болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс. Бұл игілікті іске облысымыздың діни ұйымдарымен бірге жамбыл жұртшылығы жұмыла кірісуі қажет.

Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары қоғам, ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, аталған мәселеге ерекше көңіл бөлулері тиіс.

Сонымен бірге, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін арнайы заң қабылдау қажет деп есептейміз.

Көтеріліп отырған құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, ата-бабадан келе жатқан ұлттық болмысымызды, қандағы қасиетімізді сақтап, еліміздің елдігі мен егемендігін нығайтып, дамыту — әрбір отбасының қасиетті міндеті болуы тиіс.

Форумға қатысушылар, Үндеуден туындап отырған талаптардың Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен,  Президенттің ұстанымдарымен үйлесіп отырғанын атап өтіп, орындалуына тарихы терең, өркениетті, қасиетті Әулиеата жерінің әрбір азаматын үлес қосуға шақырамыз! — делінген үндеуде.

Көп кешікпей алқа мүшелері осы үндеудің негізінде тағы да ой қосатын болып тарқасты.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

БөлісуTweetPin

Ұқсас жазбалар

Я ПОГИБ ПОД РЖЕВОМ

Я ПОГИБ ПОД РЖЕВОМ

Айғақ медиа
05.05.2025
0

      Ранней весной 2013 года в мой адрес поступил звонок от  президента  ТРК «Айгак»  Абиш Дулатбека Назарбековича с...

ЖАТ ҚЫЛЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАР

ЖАТ ҚЫЛЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАР

Айғақ медиа
11.04.2025
0

Суицид, нашақорлық және діни экстремизм қазіргі қоғам дерті. Аталған мәселелердің алдын алу үшін Сайрам ауданы прокуратурасының бастамасымен кәмелетке толмағандар арасында...

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ ШЫҢҒЫС ӘРІНОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ӨСІМДІК МАЙЫ ӨНДІРІСІ 26%-ҒА АРТТЫ

Айғақ медиа
25.03.2025
0

2024 жылы майлы дақылдар алқабы 2,9 млн га дейін жеткізілді. Майлы дақылдар егістіктерінің ең көп алқаптары Солтүстік Қазақстан (жалпы егіс...

ҚАЗАҚСТАНДА «УЫЛДЫРЫҚ ШАШУ» КЕҢ АУҚЫМДЫ БАЛЫҚ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ БАСТАЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА «УЫЛДЫРЫҚ ШАШУ» КЕҢ АУҚЫМДЫ БАЛЫҚ ҚОРҒАУ АКЦИЯСЫ БАСТАЛАДЫ

Айғақ медиа
25.03.2025
0

Көктемгі-жазғы кезеңде Қазақстанда табиғи өсімін молайту кезеңінде су биоресурстарын сақтауға бағытталған «Уылдырық шашу» дәстүрлі балық қорғау акциясы өткізілетін болады. Өңірлік...

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ ШЫҢҒЫС ӘРІНОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

ҚР АШМ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БЕРГЕН ТАПСЫРМАЛАРЫН ОРЫНДАУ БОЙЫНША ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДА

Айғақ медиа
25.03.2025
0

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда айтылған тапсырмаларын орындау үшін ведомство қабылдайтын шаралар туралы...

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ ШЫҢҒЫС ӘРІНОВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

ФАО ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Айғақ медиа
25.03.2025
0

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілдері бруцеллезді бақылауды техникалық қолдау және ветеринариялық бақылауды нығайту жөніндегі миссия шеңберінде Қазақстанға...

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ —
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ

РЕСМИ БӨЛІМ

ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ҚОРЫТЫНДАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ҚОРЫТЫНДАЛДЫ

Айғақ медиа
30.10.2021
0

 Түркістан облысында аумақтық қорғаныс бригадасының бөлімшесімен бірге ұйымдастырылған арнайы тактикалық оқу-жаттығуының жабылу салтанаты өтті. Әскери борышын өтеп қойған, қазір түрлі...

Ө.ШӨКЕЕВ: ТУРИЗМ САЛАСЫ ҮШ БАҒЫТТА ДАМЫП КЕЛЕДІ

Ө.ШӨКЕЕВ: ТУРИЗМ САЛАСЫ ҮШ БАҒЫТТА ДАМЫП КЕЛЕДІ

Айғақ медиа
13.10.2021
0

 Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік...

ТҮРКІСТАНДЫҚ АЙКӨЗ ЕРАЛХАН ƏЛЕМДІ МОЙЫНДАТТЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ АЙКӨЗ ЕРАЛХАН ƏЛЕМДІ МОЙЫНДАТТЫ

Айғақ медиа
22.09.2021
0

 Түркістандық спортшы Айкөз Ералхан Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Ат үстінде жүріп садақ ату...

ТҮРКІСТАННАН 30 АДАМ ПАВЛОДАРҒА ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

ТҮРКІСТАННАН 30 АДАМ ПАВЛОДАРҒА ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Айғақ медиа
22.09.2021
0

 Бүгін Түркістан облысынан бір топ тұрғын Павлодар облысына жолға шықты. Мақсат – «Еңбек» бағдарласы арқылы көшу үшін Павлодар өңіріндегі ауылдарды...

Facebook Telegram Youtube Instagram

Ескерту! Кез келген материалды көшіру және жариялау үшін редакцияның арнайы рұқсатын алу қажет! Авторлық құқықтар және жанама құқықтар толық сақталады. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

АҚПАРАТ

  • Саясат
  • Экономика
  • Түркістан
  • Шымкент
  • Тарих
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV

БІЗБЕН БАЙЛАНЫС

Мекен-жайымыз: 160000, Шымкент қаласы, Ғ. Іляев көшесі, 29, "Айғақ" Телерадиокомпаниясы"

Тел.: +7 725 221 36 11, +7 725 230 07 25

Email: aigak@mail.ru

© 2015-2020. "Айғақ" ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде
2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 - ИА куәлігі берілген.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Қоғам
    • Экономика
    • Мәдениет
    • Әлеумет
    • Тарих
    • Боздақтар
  • Шымкент
  • Түркістан
  • МӘДЕНИ АСТАНА
  • Жобалар
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сұхбат
  • Айғақ TV
    • Фотогалерея
    • Бейнематериалдар

© 2015-2020. "Айғақ" ақпараттық порталы. Барлық құқықтар сақталған.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде
2019 жылы 13 маусымда тіркеліп, № 17745 - ИА куәлігі берілген.