Түркістан облыстық клиникалық аурухананың көз аурулар бөлімшесіне украиналық дәрігер Оксана Петренко жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасу үшін арнайы келген. Көзін жарақаттаған науқастарға шетелдік маманның қатысуымен ота жасалды. Ақпанның 13-і мен 14-і күндері жергілікті медицина қызметкерлеріне мастер класс та өткізетін болады.
Түркістан облыстық клиниканың көз аурулар бөлімшесінде жылына 2500-ге дейін ота жасалынады. Мұнда жыл сайын заманауи техникалар да толықтырылып, сапалы кадрдың да саны артуда. Өйткені, еліміздің әр өңіріндегі үздік көз дәрігерлерімен тәжірибе алмасамыз дейді дәрігерлер. Оған себеп, медицина саласындағы жаңалықтар, өзгерістер мен толықтырулар күн санап артуда. Украиналық маман медицина саласында тәжірибе алмасудың өте маңызды екендігін айтып өтті.
Бүгін 5 бірдей ота жасалыну жоспарланған. Іске кіріспес бұрын шетелдік маман процесті науқастардың ахуалымен жақын танысудан бастады. 5 науқасқа әр түрлі диагноздағы ота түрі жасалынады. Бірінің жанарына жарылғыш заттардан тиген ақауды қайта қалпына келтіру жоспарланса, енді біріне отаның блефаропластика деп аталатын түрі жасалынды. Блефаропластика –жоғарғы және төменгі қабақтың артық терісін және жарықтарын жоюға бағытталған хирургиялық рәсім. Жоғары қабақтағы артық терілер кез келген жанға ұнамасы анық. Ал, бұған жасалынатын отаның мәні — көздің астында күлдіреп тұрған артық теріні, бұлшықет талшықтары мен салбырап тұрған қабақтың бір бөлігін алып тастау. Шұғыл араласу — жергілікті анестезиямен жасалады. Мұндай оталар 30-40 минуттан ары созылмайды. Жергілікті мамандар Ресей елінің дәрігерлерімен де жиі тәжірибе алмасып, тығыз қарым-қатынас жасайтындықтарын айтты.
«Айғақ-ақпарат»