Бүгін «Түркістан-Шымкент» жедел пойызының маршруты іске қосылды. Алғашқы рейсті салтанатты түрде шығарып салу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов қатысып, жолға шыққалы тұрған пойызға сәт сапар тіледі, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, бүгін жағымды жаңалықтың куәсі болып тұрмыз. Түркістанның облыс орталығы болуына байланысты, облыстық басқармалар мен департаменттер қызметкерлерінің Шымкент қаласынан осында қоныс аударып, еңбек етіп келе жатқаны баршамызға белгілі. Екі қала арасында азаматтардың қатынауын оңтайландыру мақсатында жедел пойызды іске қосып отырмыз. Бұл Түркістан мен үшінші мегаполис арасындағы байланысты нығайтып, сондай-ақ туризмнің дамуына өз үлесін қоса түседі деп сенеміз», – деді Қайрат Теміршотұлы.
Жедел пойыз әзірге аптасына 2 рет, дүйсенбі мен жұма күндері қатынайды. Яғни, дүйсенбі күні Шымкент қаласынан сағат 05:45-те, жұма күні Түркістан қаласынан сағат 19:25-те жолға шығады. 2 сағат 15 минут жүретін пойыз тек Арыс қаласына ғана аялдайды.
Пойыз 175 адамға шақталған. Жол жүру құны 609 теңге болып бекітілген. Билеттерді кез-келген теміржол кассаларынан немесе интернет арқылы алуға болады.