— «Жарқыра Қазақстан!». Дәл осы атаумен Түркістан облысында Президенттің шыршасы өтті. Салтанатты шараға 200 бүлдіршін қатысып, балғындар түрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге қазақ елінің өткен тарихына саяхат жасады. Бұл бұрынғы шыршадан өзгеше. Олай дейтініміз, Түркістан облысы құрылғалы тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған мереке.
— Шымкентте 245 балаға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдық сыйлығы табыс етілді. Мерекелік жиынға, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, балалардың қуанышымен бөлісті. Президент шыршасы аясында дарынды әрі өнерлі балғындардың әрбіріне 100 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.
— «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының кезектен тыс конференциясы ұйымдастырылды. Аталмыш партия мүшелерінің бас қосуымен өткен жиында күн тәртібіндегі 5 мәселе қаралды. Осы орайда халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы қызметіне Қанатбек Досалиев тағайындалды.
— «Тұранның қос бәйтерегі». Бұл тақырып Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында өткен тарихи-танымдық іс-шарасына арқау болды. Салтанатты шараны өткізудің мақсаты қазақтың біртуар тұлғалары Тұрар Рысқұлов пен Шерхан Мұртазаның тарихи бейнелерін ашып таныту. Сондай-ақ, олардың өнегесі мен ерлігін, адами асқақ бейнелерін үлгі ете отырып, келешек ұрпақты адалдыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеу.