Еңбек нарығының сұранысына сай білікті маман даярлау – бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқытушыларының кәсіби біліктілігі мен заманауи технологияларды меңгеруі айрықша маңызға ие. Осы бағытта Шымкент қаласының педагогтері де жоғары нәтижелер көрсетіп, отандық білім беру саласының дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Мұның кезекті дәлелі – Ақтау қаласында өткен республикалық кәсіби шеберлік конкурсында шымкенттік ұстаздың топ жаруы. Сервис және қызмет көрсету саласы бойынша «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігінен ұйымдастырылған байқауда Шымкент Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Алтынай Умербаева І орын иеленіп, алтын медальмен марапатталды.
Еліміздің жеті өңірінен келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысқан байқау мамандардың кәсіби даярлығын, тәжірибелік дағдыларын және цифрлық технологияларды білім беру үдерісінде тиімді қолдану қабілетін бағалауға бағытталды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, кәсіби шеберліктерін, жаңашылдыққа бейімділігін және күрделі тапсырмаларды орындау әлеуетін көрсетті.
Осындай бәсекелі ортада жоғары нәтиже көрсету Алтынай Умербаеваның кәсіби даярлығының, үздіксіз ізденісінің және өз саласына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі. Педагогтің республикалық деңгейдегі жеңісі – жеке жетістік қана емес, ол еңбек етіп жүрген білім беру ұйымының да әлеуетін танытатын маңызды көрсеткіш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін жаңғырту, адами капиталдың сапасын арттыру және экономиканың нақты сұранысына жауап беретін мамандар даярлау мәселесіне үнемі басымдық беріп келеді. Президент тапсырмалары аясында техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұнын жетілдіру, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, өндіріс пен білім беру арасындағы байланысты күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл ретте цифрлық модельдеу секілді заманауи құзыреттерді меңгерудің маңызы зор. Себебі бүгінгі еңбек нарығында теориялық біліммен қатар, технологиялық жаңалықтарды игерген, кәсіби міндеттерді тәжірибе жүзінде орындай алатын мамандарға сұраныс артып отыр. Ал мұндай мамандарды даярлау, ең алдымен, білікті әрі жаңашыл педагогтердің кәсіби деңгейіне байланысты.
Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру, жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау жұмыстары жалғасуда. Бұл бастамалар қаланың экономикалық дамуымен де тығыз байланысты. Өйткені бәсекеге қабілетті өндіріс пен қызмет көрсету саласының қалыптасуы заманауи білім алған, кәсіби машығы жоғары кадрларға тәуелді.
Сондықтан Алтынай Умербаеваның республикалық конкурстағы жеңісі – ұстаздар қауымының еңбегіне берілген жоғары баға әрі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудің маңызын айқындайтын жетістік. Осындай кәсіби біліктілігі жоғары педагогтердің тәжірибесі білім беру жүйесінің сапасын арттыруға, жастардың жаңа технологияларды меңгеруіне және өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Ұстаздың алтын медалі – Шымкенттің білім саласындағы мерейлі жетістіктерінің бірі. Ең бастысы, бұл жеңіс кәсіби шеберлік пен үздіксіз ізденістің нәтижесі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.











