Еліміз жаңа тарихи кезеңге, яғни Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңіне аяқ басты. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды реформаларын жүзеге асырудамыз. Мүмкін, осы жолда көптеген кемшіліктер де кездесіп жатқан болар, бірақ, Елбасымыз айтқандай, мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатымызға жету үшін біздің санамыздың ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын мәдени және рухани жаңғырып отыруы тиіс.
Рухани жаңғыру – науқандық жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық. Облысымызда Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы №1277 Жарлығымен бекітілген «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткенге қызығушылықты ескере отырып, қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету және тарихи мәдени құндылықтарымызды түгендеп, тарихымыз мен мәдениетімізді жаңғырту мақсатында көршілес Ресей және Өзбекстан архивтерінен Қазақстанның оңтүстік өлкесі үшін тарихи және мәдени құнды құжаттардың көшірмелерін іздестіру және жинақтау жұмыстары жүргізілді.
«Өзбекстан Республикасының архив мекемелерінің дерек көздері бойынша XVII-XX ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан тарихы», «Ресей Федерациясының Мәскеу қаласының мемлекеттік мұрағаты және Орынбор облысы мемлекеттік архивіндегі дерек көздер негізінде XVIII-XX ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстан тарихы» тақырыбы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес, тарихи құжаттарды іздестіру мен зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында, Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінен (Мәскеу қаласы) және Орынбор облысының мемлекеттік архивінен сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінен, Ташкент облысының мемлекеттік архиінен, Ташкент қалалық архивінен, Өзбекстан Республикасының Алишер Навои атындағы ұлттық кітапханасы сирек кездесетін кітаптар мен баспа басылымдары бөлімінен, Ұлттық Ғылыми Академиясының Фундаменталдық кітапханасынан, Низами атындағы педагогикалық университетінің Фундаменталдық кітапханасынан Қазақстанның, оңның ішінде оңтүстік өлкесінің тарихы жайлы құжаттардың көшірмелері әкелінді.
Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шетелдерден әкелінген архивтік құжаттардан Түркістан облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері мен жергілікті ғалымдар дайындаған «Исторический обзор и указатель документов по Южному Казахстану из архивов г.Ташкента» жинағы, «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатының қорларын толықтыру және пайдалану бойынша ғылыми-іздену жұмыстары» атты ғылыми — тәжірибелік конференциясына дайындалған мақалалар мен баяндамалар жинағы және «Из истории завоевания Туркестанского края» (1838-1864жж.) жинағында 1838-1876 жылдар арасы, яғни генерал В.А.Перовскийдің Хиуаға жорығынан, К.П. фон Кауфманның Қоқан хандығын жоюға дейінгі кезеңдегі қазақ еліне, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне байланысты тарихи деректер топталып, шығарылды.
Сонымен қатар, Қазақстандағы Ресей жылына арналған «Ресей-Қазақстан қатынастары: тарихи беттері мен болашағы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми көрмесіне, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығындағы «Возвращенная история» көрмесіне, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің көрме залындағы презентациясына, Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде өткен «Тарихи құжаттардың тұсаукесері» атты презентациясына, Оңтүстік Қазақстан облысының архив қызметінің85-жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция көрмесіне, «Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің қорларын толықтыру және пайдалану бойынша ғылыми-іздену жұмыстары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция көрмесіне ұсынылды. Әкелінген құжаттар туралы мәліметтер Астана қаласындағы Археография және деректану ұлттық орталығының бастамасымен жарық көретін «Қазақстан тарихы шетел архивтері мен кітапханаларында» ақпараттық анықтамалығына тұрақты түрде енгізіліп отыр.
Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға толық түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Осы себепті, Елбасымыз өзінің ағымдағы жылдың 21 қарашасында халыққа жолдаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды міндет етіп отыр. Мен өзім осы саланы басқарып отырғандықтан, бұл шешімге қатты қуандым. Жасыратыны жоқ, әдетте көпшілік «архив» десе, ескірген құжаттарды, мәліметтер деп ойлайды және көп мән бере бермейді. Іс- жүзінде архив – тарих қазынасы! Ол – рухани байлық!
Сондықтан, Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениетттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, архив деректерін жинап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болу үшін заман талабына сай оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру көзделіп отыр.
Дегенмен де, халқымыздың тарихы мен тағылымы мол, ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қаласақ, тұтас қоғам мен әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту үшін бәсекеге қабілетті, бойында еліне, халқына деген ұлтшылдық басым, жан-жақты білімді мамандар даярлай білуіміз керек. Өз ісін сүйетін әрбір маман табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін терең түсінуі тиіс. Себебі, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, «құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Осы себепті, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында архивтану мамандығы бойынша да оқулықтар жазылса екен деймін. Архив саласын дамытуды қолдау мақсатында алыс және жақын шет елдермен тәжірбие алмасуларға мүмкіндіктержасалып, Үкімет тарапынан бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға барынша қолдау көрсетілсе екен.
Өзге озық елдердің көшіне ілесу үшін латын әліпбиіне көшуді жылдам қолға алу, сондай-ақ әлемдегі ең мықты 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау, әрбіріміз туып-өскен жерімізді абаттандыру үшін «Туған жер» бағдарламасын қабылдау сияқты тапсырмалардың маңызы зор.
Архив ісі ел тарихын зерттеп, құжаттарды жарыққа шығару мен пайдалану, оларды насихаттауда келешек ұрпаққа жеткізетін алтын көпір болып қала бермек. Архивте сақтаулы көптеген құнды дүниелер өз оқырмандарын тауып, еліміздің кешегісі мен ертеңіне көз жүгірткен ұлтжанды азаматтарымыз арқылы әлі де зерттеліп, зерделеніп келер ғасыр кәдесіне асары сөзсіз. Азат еліміздің ертеңі баянды, тәуелсіздік тұғыры берік болуы үшін архив қызметкерлерінің қосар үлесі өлшеусіз.Еңбек еткен, жеңіске ұмтылған адамның бір күндері жемісін көретіні анық. Алға талпын, ізден, қабілетіңді арттыр, ерекшелігіңді таныт, елге пайдасы тиер өзгеше дүние ұсын! Бұл – заман талабы. Еңбек еткеннің жерде қалмайтынын Елбасымыз «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобаларында айтып өтті. Ел тарихындағы және тәуелсіздік жылдары еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтарды іріктеп, үлгі ету, насихаттау – бұл да өзгелерді алдағы күнге деген үлкен ұмтылысқа жетелейді. Ал өткені мен бүгініне, өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялату, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс.
Осы мақсатта біздер алдағы уақытта мектеп, институт қабырғасындағы жастар арасында «Архив – тарих қазынасы» атты конкурстарды жүйелі түрде ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар.
Ал, мұндай ізденістерге қызығатын жастардың саны жетерлік екені былтыр өткізілген іс –шарада айқын көрініп тұрды.
Елбасының мақаласы да, менің ойымша, көп жастарға бағыт бағдар берері сөзсіз.
Бастар Есқараев, Түркістан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы.