Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисі:
— «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын еңбегінен, шын мәнінде, Елбасының ойының тереңдегін, кемеңгерлік ойларға толы екендігін көрдік. Еліміз үшін, қазақ халқы үшін патшамыздың керемет жаны ашитындығы сезіледі. Туған тарихын өркендетуде, Қазақстанның абыройын, беделін мәртебесін биіктетуде бүгінгі мақаласы өте орынды деп есептеймін. Бұл мақаласында өте ауқымды, кең тақырыптарды көтеріп отыр. Егер, осы мәселелер мен жеті қырының баянды болуын қолға алатын болсақ, онда Қазақстаннның абыройы бұрынғыдан да жоғары болатынына еш күмән келтіруге болмайды. «Қазақстан жай мемлекет емес» — деп отыр Елбасы. Қазақстан – өркениетті мемлекет. Оның тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Демек, біздің мемлекетіміз көптеген өркениетті мемлекеттердің негізін құрайтынын осы мақалада Нұрекең ашық көрсетіп отыр. Сондықтан да мақала өте құнды. Біз оның ішінде айтылған ауқымды мәселелердің барлығын жүзеге асыруға кірісу керекпіз. Оған тиісті дәрежеде бағдарлама жасап, саябақ тағы басқа көптеген шараларды жасауымыз қажет екенін Елбасының өзі де атап кетті. Елбасының барлық ойы мен арманы «Ұлы даланың жеті қырында» айтылған және оны орындау ешқандай күмән келтірмейтін мәселе екеніне көзіміз анық жетеді. Шіркін-ай, сол көрсеткен мәселелерді үкімет, ел, халық болып жұмыла қолға алсақ! Бұл арман да орындалады! Бізді төрткүл дүние танитын болады!