50 жылдан астам ғұмырын білім саласына арнаған, білікті ұстаз, ғалым, академик, қоғам қайраткері Әбдімұса Қуатбеков 2018 жылдың 29 қазан күні 76 жасында өмірден озды.
Бүгін білгір ұстаз, ардақты әке, асқаралы ел ағасы, Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің құрылтайшысы Әбдімұса Мұратұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қабырғаны қайыстырған қаралы митингке қалың көпшілік жиналды. Соның ішінде Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевте бар. Ол қайғыра көңіл айта отырып, Түркістан облысы әкімінің көңіл айту жедел хатын жеткізді.
Жиналған қауым қоғам қайраткерін жер қойнына тапсыру үшін ел ағасының туған жері Арыс ауданына аттанды.
Әбдімұса Мұратұлының өмір тарихы, ғылыми-педагогикалық және шығармашылық қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі өнеге. Ал, ғалымның жеткен жетістіктерін тізбектесек өнегелі де қайырымды істері жетерлік. Біз жетімін жылатпаған қазақ емеспіз бе? Міне соның бірден бір дәлелі, айғағы осы қайырымды жанның жомарттығы деп білеміз. Тағылымды істерінің бірі Арыс ауданында балалар үйін ашып, ондағы талай жеткіншектерді өз қамқорлығына алып, қанатының астына кіргізуі. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен әрбір жас өренге білім грантын бөліп, тегін білім алуына мол мүмкіндіктер жасады.
Талай шәкірттерді білімімен сусындатып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде де өзіндік үлкен үлесін қосты. Әрбір шәкіртінің жүрек төрінен орын алған Әбдімұса Қуатбеков өзінің нұрлы да сырлы бейнесімен ел есінде мәңгілікке қала бермек.
Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Жаны жәннаттың төрінен орын алғай. Алла алдынан жарылқасын!
Анықтама:
Қуатбеков Әбдімұса Мұратұлы 1942 жылы 4 маусымда Шымкент облысы, Арыс ауданында дүниеге келген.
1959 жылы орта мектепті бітіріп, В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетіне оқуға қабылданып,1966 жылы аталмыш жоғары оқу орнын физика-химия мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1966 жылы Қазақ КСР Білім және ғылым министрлігінің жолдамасымен Қазақ химия-технологиялық институтының физикалық және коллоидты химия кафедрасының ассистенті болып бастаған. Осы оқу орнының жолдамасымен 1968-1971 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы химия институтының аспирантурасында білім алып, 1971 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленген.
1971-1978 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының доценті және декан орынбасары, 1978-1984 жылдары Қарағанды политехникалық университеті Жезқазған филиалының күндізгі және сырттай оқыту факультетінің деканы,1984-1996 жылдар аралығында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Семей қаласындағы филиалының деканы ,1996-2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан аймақаралық «Қайнар» университеті филиалының директоры, 2000-2005 жылдары Қазақ-Өзбек инженерлік-гуманитарлық университетінің ректоры, 2005 жылдан бастап Қазақстан халықтар Достығы университетінің, 2016 жылдан бастап ақтық демі үзілгенше Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетінің Президенті лауазымдарын атқарды.
1995 жылы Мәскеу қаласындағы И.М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ академиясында докторлық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының докторы дәрежесін иеленген. 1996 жылы профессор ғылыми атағын,1998 жылы Нью-Йорк Ғылым академиясының Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі (АҚШ), 2009 жылы Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атағын алған. Сол жылдан 2016 жыл аралығында Қазақ Ұлттық Жаратылыстану академиясының Оңтүстік Қазақстандағы филиалының төрағасы қызметін атқарған. 2004 жылдан бастап Халықаралық шығармашылық академиясының академик-мүшесі, 2013 жылы Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, 2014 жылдан бастап академик ғылыми атақтары берілген. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті мүшесі атанған.
Бүгінде 800-ден астам ғылыми еңбектері, соның ішінде 5 монография, 10 оқулығы жарық көрген. КСРО-ның 10 авторлық куәліктің, Қазақстан Республикасының 5 инновациялық патентінің авторы болған.
2001 жылы біздің елімізде болып жатқан оң әлеуметтік-экономикалық және демократиялық қайта құруларға тікелей қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған. П.Капица атындағы халықаралық сыйлықтың, республикалық «Лучшие люди» қаһармандар энциклопедиясының Құрмет белгісі, Ресей Жаратылыстану академиясы Президиумының шешімімен берілген А.Нобель алтын медалінің, XXI жүзжылдықтың «Әлемдік ғылымға қосқан зор үлесі үшін» медалінің, Халықаралық Сократ комитеті Еуропалық бизнес ассамблеясының «The Name Science» жүлдесінің иегері. Балалардың құқығын қорғау мен біліміне, тәрбиесіне сіңірген ерең еңбегімен жомарттығы үшін «Қазына» төс белгісімен марапатталған.
Арыс қаласы мен Сайрам ауданының Құрметті азаматы, 2001 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 2015 жылы «Мерейлі отбасы» Республикалық байқауының жүлдегері атанған.
Жомарт Бегімбет.