Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы халықты тұрақты әрі нәтижелі жұмысқа орналастыруды көздейді. 3 бағыт бойынша халықтың екі қолына бір күрек тауып келе жатқаны белгілі. Ал, Оңтүстікте бұл бағдарламаның жұмыс деңгейі қандай? Осы жөнінде облыс әкімшілігінде Ерлан Айтахановтың төрағалығымен оңды істердің орындалу барысы бойынша алқалы жиын өтті. Нақтырақ айтсақ, аудандардағы жұмыспен қамтылған азаматтар жайы баяндалды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында көш соңында жүрген аудан басшыларына ескертулер жасалып, мәселенің мәнісі анықталды. Жиында алғаш болып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатбеков сөз алды. Басшы орынбасарының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін облыс көлемінде 28713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен жұмыспен қамтылған. 2015 жылдың 1 тамызына дейін жастар практикасын ұйымдастыруға 1503 жасөспірім қатысып, барлығы жұмысқа орналастырылған. Ал, кәсіпкерлік негізінде 2,187 млн теңге игеріліп, 108 адам оқытылып шыққан.
Гүлшырын СЕРІКҚЫЗЫ