17 – мамыр мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Дәл осы күні Түлкібас ауданы «Ақ шатыр» демалыс орталығында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың және мәдениет майталмандарының қатысуымен ауқымды шара өтті. «Мәдени қызмет – мерейлі міндет» тақырыбында өткен мерекелік кеште облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан 49 өнер қызметкерлері марапатталды.
Рамазан айының алғашқы күндеріне тұспа-тұс келген мәдениет және өнер қызметкерлері күні биыл ерекше тойланды. Түлкібас тауларының етегінде, таза ауада қонақтар еркін тыныстап, табиғаттың әсем бейнесін қызықтады. Түрлі ұлттың киіміндегі өнер жұлдыздары мен жануарлар бейнесіндегі қуыршақтар барша меймандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елімізде мәдениеттің, ұлттық өнеріміз бен салт-дәстүріміздің өсіп-өркендеуіне, өткенін жаңғырта отырып жаңаша бағытта жұмыс жасауға мән беріп, үнемі назарда ұстап келе жатқаны баршамызға аян. Еліміздің болашағы жеке тұлғаның мәдениеттілігіне байланысты. Жеке тұлға мен саяси, еңбек, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыратын арнайы мекемелер мен әлеуметтік орта. Сол мекемелердің бірі мәдениет ошақтары болса, адамды рухани азыққа бөлейтін мәдениет және өнер қызметкерлері. Осындай асыл азаматтардың басқосуында облыс әкімі өнер адамдарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстың рухани дамуы мен мәдени гүлденуіне айтулы үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Бүгінде облыстағы мәдениет саласында 5 мыңға жуық қызметкер абыройлы жұмыс атқарып келеді. Ал халыққа 736 мәдениет және өнер мекемелері қызмет етуде. Аталған ұйымдардың қатысуымен өткен жылы 31 мыңнан аса іс-шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, шара барысында бірнеше зиялы қауым өкілдері Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өңірде жүзеге асырылуы жайында өз ойларын айтып, мәдениет саласының дамуы бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар «Мәдени қызмет – мерейлі міндет» тақырыбында өткен мерекелік кеште облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан 49 өнер қызметкерлері» «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, облыстық мәслихат грамотасы, «Нұр Отан» ОҚОФ партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, жыл бойы аудан, қалалар арасында өткізіліп келген «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» облыстық фестивалі өз мәресіне жетіп, жеңімпазадар анықталды. 3 орынды – Арыс, Төлеби, Созақ аудандары, 2 орынды – Сайрам, Отырар аудандары, 1 орынды – Түркістан қаласы иеленсе, бас жүлдені үш жүздің басын қосқан киелі жер Ордабасы ауданы қанжығасына байлады.
Мұнан соң, мәдениет майталмандарына арнайы дастархан жайылып, мерекелік кешке ұласты. Салтанатты жиында Оңтүстіктен шыққан барша күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Елдігіміздің нышаны – өнеріміз бен мәдениетіміз, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу баршамыздың қасиетті борышымыз. «Өнер – ұлттың жаны»,- дейді халық даналығы. Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Әр өңірдің тарихы таңбаланған мәдени мұраларын танып, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ-бірлігін көрсете білуіне кеңінен жола шатын – мәдениет күнімен барша өнер азаматтарын «Айғақ» телеарнасының ұжымы да шын жүректен құттықтайды. Шығармашылық шабыттарыңыз шарықтап, халқымыздың жоғары руханияты мен мәдениетін дамытуда болшақ ұрпаққа үлгі боларлықтай нәтижелі еңбектеріңіз елене берсін!