Елорданың 20 жылдығын республикалық деңгейде атап өтуге мемлекеттік бюджеттен шамамен 19 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу ұсынылып отыр, деп хабарлады 24.kz.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов хабарлады. Баяндамашылар 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстырып, депутаттардың сауалдарына жауап берді. Халық қалаулылары бұл сома өзге салаларға қарастырылған қаражатпен салыстырғанда тым көп деп отыр. Сөзін дәлелмен жеткізуді жөн көрген Мұрат Бахтиярұлы денсаулық сақтау мен білім беру ісіне бөлінген қаржы көлемін тізбектеп тұрып айтып берді.
Мұрат Бахтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Астананың 20 жылдығына байланысты іс-шаралар деген бар. Сол іс шараларға 18,8 млрд, яғни шамамен 19 млрд теңге. Ол бір 5-6 күнде өтіп кететін шара ғой, көп болса бір жұма өтер ары кеткенде. Ал енді мына денсаулық сақтау мен мектеп салуға барлығы 7 млрд теңге ақша бөлінбек. Бұл бірінші сұрақ, екіншісі киберқауіпке қатысты іс-шараларға – 72 млрд теңге ақша. Бұл бұрын-соңды бөлінбеген ақша ғой. Не істейді бұл, кім жауап бере алады бұл сұраққа?
Ал Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков бұл сұрақтарға барынша мардымды жауап беруге тырысқанымен, сенаторлардың сенімінен шыға алмады. Болмаған соң кейін жазбаша түрде жауап береміз деуден басқа амал таппады. Сәкен Мұсайбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:
– Елорданың 20 жылдығы шеңберіндегі 85 іс-шараны өткізуге 18 млрд 808 млн теңге қарастырылған. Бұл ұсынысымызды Қаржы министрлігі де қолдап отыр. Мерекелік шараларды ойдағыдай өткіземіз деген сенімдеміз.
Сонымен қатар 80 аудан мен ауылдардағы 140 мың тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 31 млрд теңге бөлу ұсынылды. Сондай-ақ жаңа заң жобасы Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясындағы бірқатар бағытты да қамтиды. Бұл мақсатта бюджеттен 25 млрд теңге қаражат бөлу көзделіп отыр. Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
– Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы шеңберіндегі іс шараларды іске асыру болып табылады. Нақтыланған бюджет жобасында 25 млрд теңге 3 және 4-бастамаларды іске асыруға жоспарланып отыр. Жоғары білімге қолжетімділік пен сапасын арттыру деген 3-бастама шеңберінде 2 іс-шара 5 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландырылатын болады. Оның ішінде білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайту, одан 11 мыңы –техникалық мамандықтар.