Әлемдегі үздік оқулықтардың қазақ тіліне аударылған нұсқасы биылғы оқу жылында білім беру бағдарламасына енгізіледі, деп хабарлайды 24.kz.
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысып, осындай тапсырма жүктеді. Енді қазақ балалары кәсіпкерлік, экономика, психология, философия сынды салаларға арналған құнды туындыларды ана тілінде оқи алады. Қазірдің өзінде 18 оқулық әрқайсысы 10 мың данамен жарық көрді.
Бұл – биыл қазақ тіліне аударылған 18 оқулық. Әрқайсысы әлемдік деңгейде үздік. Көптеген жоғары оқу орнының білім беру процесінде кеңінен қолданылады. Олардың мемлекеттік тілге тәржімалануы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың тиімді нәтижесі. Алдағы уақытта оқулықтар оқу орындарына таратылып, электронды нұсқалары OpenU.kz ашық платформасына енгізіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Негізі кітаптардың барлығы менің үстелімде жатыр. Бір аптадан бері отырып, бәрін парақтап, біз оқыған кезде қолға тимеген дүниелер екеніне көзім жетті. Менеджмент болсын, басқару болсын, бәрін біліп-танып жатырмыз ғой. Бірақ мынау псиxология, тіл тариxы сияқты ғылым салаларымен терең танысқанымыз жоқ. Ағылшын тілінде оқыған жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы әлі таныспаған. Сондықтан біз, бір жағынан, қазақ тілін байытып, екінші жағынан, білімді одан ары өсіреміз деген үмітіміз бар. Орындап отырмыз.
«100 оқулық» жобасы жариялана салысымен еліміздің жоғары оқу орындарынан 800-ден аса оқулықты мемлекеттік тілге аудару туралы ұсыныс түсті. Арнайы комиссия шешімінен кейін «Философияның қысқаша тарихы», «Экономикс», «Кәсіпкерлік, теория», «Құдайтану баяны» сынды кітаптар іріктеліп, қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің қатарына қосылды.
Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:
– Таңдалған оқулықтарды жинақтап айтсақ, бұл оқулықтар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 миллионнан асқан. Мұндай оқулықтарда мемлекеттік бағдарлама аясында аударып, тегін тарату әлемде баламасы жоқ тәжірибе.
Бұл кітаптардың бағасы нарықта арзан емес. Кейбірінің құны 280 долларға пара-пар. Ал «Құдайтану баяны» оқулығы Ұлыбританияда 30 фунтқа сатылады. Енді қазақстандық студенттер оларды тегін оқып, ілім-ғылым әлеміне еркін құлаш сермей алады. Сондықтан Президент өскелең ұрпақ арасынан әлемге әйгілі ғалымдар шығады деген сенімін білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Осы оқулықтарымыз арқылы біздің ғалымдарымыз да қуат алып, серпіліп, түбінде өзіміздің ғалымдар да жазатын шығар деп ойлаймын. Өз тілімізде. Жас ғалымдарға рух беріп, ізденістің жолына салып, осындай оқулықтарды, еңбектерді шығаруға болады деп сенемін.
Төрт бірдей тілді меңгерген Айымжан Рыскиева – жобаны жүзеге асыруға айрықша атсалысқандардың бірі. Ол франциялық Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты оқулығын төл тілімізге аударды. Сол арқылы ғылым саласының дамуына өзіндік үлес қосты. Оның айтуынша, аударма жұмысы арқылы мемлекеттік тілде 3 мыңнан астам ғылыми термин мен ұғым пайда болды.
Айымжан Рыскиева, І.Жансүгіров атындағы «Жетісу» МУ кафедра меңгерушісі:
– Менің жалпы айтқым келіп отырғаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы олардың сұраныстарын қанағаттандырды. Олардың қажеттіліктерін өтеді. Оларға рухани серпіліс әкелді. Жігерлендірді. Енді қазір біз аудару процесімен шектеліп қана қоймай, оны оқу бағдарламасына енгізгіміз келеді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Төрт тілді меңгерген Айымжан, төрт тілді. Осындай қыздардан тағлым алып, әсіресе жастар алға ұмтылуы керек.
Кез келген тәуелсіз мемлекет сана-сезімі мен ойлау-қабілетін өзіндік жүйеде қалыптастыра білуі керек. Ұлт болам деген елдің негізгі мақсат-мүддесі – бұл. Қазақстан осы қағиданы тәуелсіздік алған кезеңнен бері ұстанып келеді. Осы ретте Елбасы қазақ әліпбиінің латын графикасына көшірілуі ана тіліміздің кемелденуі жолында қабылданған маңызды шешім екенін еске салды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ешкімнің ықпалынсыз тәуелсіз, егемен ел ретінде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз, өз еркімізбен әліпбиімізді, жазуымызды таңдадық. Біз еліміз көш басында болсын, ана тіліміз кемелдене түссін деп осыны жасадық. Қазір оны бекіттік. Енді ептеп-ептеп енгізуіміз керек. Өзім де күнде отырып алып, Абайдың сөздерін, ойларымды сол әліпбимен жазамын. Меніңше, онша қиын емес.
Адамның сана-сезімінің қалыптасуы бала кезден бастау алатындықтан, дәл осы шақта өскелең ұрпақ бойына сапалы білім нәрін сіңіре білу маңызды. Елбасы рухани тұрғыда дамуға түрткі болатын оқулықтарды саралай келе, «Құдайтану баяны» атты кітапқа ерекше тоқталды. Қазақ тіліне аударылған бұл еңбекті оқыған кіші буын енді дін жолында адаспайды деген пайымын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің діни қызметкерлеріміз үшін бұл керек. Жалпы бәрімізге білімді шыңдап отыру қажет. Адам санасында Құдайға сенімнің түп-тамыры бір екенін түсінетін болсақ, өзара түсіністік, дінаралық келісім болады. Біздің пайғамбарымыз Мұxаммед (с.ғ.с.) барлық діндерді сыйлаған. Құранның ішінде де әрбір дінге қатысты мағлұмат бар. Ал біздің кейбір азаматтарымыз оны да білмейді.
Әлемдік деңгейдегі үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жыл соңына дейін тағы 30-ын мемлекеттік тілге тәржімалау міндеті тұр.
Данияр Сүндетбаев, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:
– Мен өзім философия пәнінің мұғалімі ретінде өте қуаныштымын. Бұрында біз сол материалдарды орыс тіленен аударып немесе басқа тілдерден аударып жүретінбіз.
Осылайша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кешенді міндеттердің бірі жүзеге асты. Жас ұрпаққа заманауи білім-ғылымды меңгертіп, елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу жолында бұл құнды еңбектердің мәні зор.