Шығыс жекпе-жегі саналатын Муай-Таймен енді Шымкент жастары да щұғылдана бастады. Яғни, Шымкентте қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен алғаш рет Муай-Тайдан 1998-1999, 2000-2001, 2002-2003 жылғы жастар және жасөспірімдер арасында қала чемпионаты өтті. Чемпионатта әр салмақ дәрежесінде 110 спортшы жүлдеге таласты. Осы реткі шығыс жекпе-жегінен өткен сайысқа бас төреші Қуандық Сұлтанғали бастаған 20 төреші қазылық етті. №11 шығыс жекпе-жек түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінде ұйымдастырылған доданың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысып, жарыс қатысушыларына жүрекжарды тілегін жолдады. – Спорт-денсаулық кепілі. Спорт –ел абыройы, ұлт мақтанышы. Шаһарымызда өтіп жатқан бұл додада өзін шыңдаған жас спортшыларымыз келешекте еліміздің ғана емес әлемнің чемпиондары атанатындығына сенімдімін, –деді шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов.
Айта кетерлігі, ақпан айында облыстық Муай-Тай федерациясы құрылған болатын. Оның президенті болып спортқа үнемі қолдау көрсетіп жүрген қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы тағайындалып еді. Шаһарымызда енді дамып келе жатқан Муай-Тай спорты кейінгі жылдары шығыс жекпе-жектерінің басқа түрлерімен салыстырғанда қанатын кең жайып келеді. Қазір елімізде муай-таймен айналысатындар көп. Қазақстан муай-тай федерациясының филиалдары барлық аймақта өз жұмысын бастаған. Муай-тайдың дамуы мен дәуірлеуі Қазақстанда ғана емес, төрткіл дүниеде байқалады. Бүгінде Халықаралық муай-тай федерациясына 120 мемлекет мүше болып қабылданған екен.