Премьер-Министр өңірге жасаған сапары барысында «Оңтүстік» индустриалды аймағына барды. Бақытжан Сағынтаев «Шымкент Темір» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Болат шығарарумен айналысатын кәсіпорынның құрылысы өткен жылы басталған. Сәуір айында іске қосылатын жобаға 5 млрдтан аса инвестиция тартылыпты. Оңтүстіктегі ірі өндіріс үзіліссіз қызмет атқара алатын қондырғымен де жабдықталған. Үкімет басшысына бұдан бөлек Индустрияландыру картасы аясында іске асып жатқан 20 жоба да таныстырылды. Жалпы Оңтүстікте 2019 жылға дейін құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 18 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Ал Премьер –министр танысқан болат зауыты толық қуаттылыққа шықса, 600 азаматты еңбекпен қамти алады екен. Алайда мұндай ірі кәсіпорынға әлбетте керекті мамандар әлі де шет елден алынады.
Жаңа экономика жаңа кадр, жаңа мамандықтарды игеру еліміз үшін керек дүние. Елбасының жолдауы да бұл бағытта жол тауып шығуға жетелейді. Кезекте жастармен кездескен Үкімет басшысы мен министрлердің баяндамалары дәл осы бағытта болды. Цифрлық жүйе, автоматтандыру кезеңіне өткенде кейбір мамандықтардың керексіз болып қалуы да ғажап емес. Сондықтан көш ілгері керекті кадрларды даярлау мен білікті мамандарды оқытуды қолға алу керек.
Себебі статистикаға сенсек бүгінде жастардың 70-пайызға жуығы гуманитарлық саланың түлектері екен. Ал жаңа технологияның кезеңіне қадам басқанда тапшылықтың сезілетіні жасырын емес. Бұл тұрғыда оқу орындары мен кәсіпорын байланысын қалыптастыратын ұсыныс та айтылды.
Оңтүстікте жалпы 11 жоғарғы оқу орыны, оның үшеуі ,ал 94 колледждің 42 мемлекеттік болып табылады. Республика бойынша студенттер санынан екінші орындамыз. Мемлекеттік тапсырыспен оқытуға үкімет Республика бойынша 107 млрд теңгені шығындаса, оның 12-млрд теңгесі түстік өңірге тиесілі екен.
Басқосуда Мемлекет басшысының жолдауындағы нақты тапсырма жатақхана мәселесі де сөз болды. Бүгінде өңірде 80 мыңға жуық студент бар. Тиісінше жатақханаға деген сұраныстың бар екендігі белгілі. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл тұрғыда барлық оқу орындары Елбасы тапсырмасын орындауы тиіс деп атап өтті. Және жастарды бұл істің жүзеге асуын бақылауға шақырды.
Жастар елдің болашағы. Дұрыс бағытта білім алып, кәсіппен, жаңа экономикаға ілесе білген шәкірттер келешектің жемісті болуына үлес қоспақ. Премьер-Министр кездесуде студенттердің пікірі мен ұсыныстарын да тыңдады.
Жалпы жиында Оңтүстіктен еңбек күшін солтүстікке тарту,ауылшаруашылыққа бейім аймақтың азаматтарын сол саланың білікті маманы етіп дайындау мәселелері де айтылды. Сөз соңында Бақытжан Сағынтаев студенттерді сапалы білім алып, керек кәсіптің көзін табуға үндеді. Айта кетейік енді Үкімет басшысы мен министрлердің сапары көрші Қызылорда облысында жалғаспақ.
Жомарт БЕГІМБЕТ.