Шымкенттің мектептеріне жасөспірімдердің өмірлік дағдыларын қалыптастыруға және суицидтің алдын алуға арналған жаңа бағдарлама енгізілмек. Бұл жоба білім ордаларында орын алатын келеңсіз жағдайларды едәуір азайтады дейді мамандар. Айта кетейік,2016 жылы қалада қылмыс жасаған жасөспірімдердің саны 67 болса, 2017 жылы көрсеткіш 27-ге дейін азайған. Ал өз-өзіне қол жұмсау фактілері өткен жылы 7-құраса, биыл жыл басынан бері 5-ке жетіп отыр.
Қаладағы барлық мектеп инспекторлары, директорлар мен мұғалімдер, ата-аналар қауымы бас қосқан жиын бұл. Маңыздылығын айтпасақта түсінікті. Талқыланған басты тақырып бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеті, мектептегі мұғалімнің білім мен тәлім беруі, сондай-ақ, форма киген инспекторлардың тәртіп орнатуы. Мінбеге шығып сөз алған қаланың бірінші ұстазы, яғни білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжива да өзекті болып тұрған бірқатар мәселелерді атап өтті.
Шындығына келгенде мектептегі кейбір оқушылардың тәртібімен жұмыс жасау ұстаздар үшін оңай шаруа емес. Баласының бетін қақпайтын ата-ана мен қылығына көз салмайтын жанұялар да бар. Кейбіріне әлеуметтік жағдайы әсер етеді. Сондықтан бірінші кезекте шаңырақтағы тәрбие мәселесіне аса көңіл бөлу керек.
Дегенмен саладағы көрсеткіш жақсара түскен соңғы жылдары. Мысалы ішкі істер департаментінде есепте тұратын жасөспірімлер 2016 жылы 67 болса, өткен жылы 27-ге кеміпті. Ал ең өзекті болып табылатын оқушылардың өз-өзіне қол жұмсауы үдеп келеді. Сондықтан, суицидке итермелейтін факторларды анықтап , оның алдын алуда қала әкімдігі мен білім бөлімі жаңа бағдарламаны енгізбек. Мамандар бұл тәсіл еліміздің 5-облысында жүзеге асырылғандығын айтады. Нәтижесінде мұндай келеңсіздіктер 2-есеге дейін азайыпты.
Жиында қаладағы №127 мектептің өзіндік тәжірбиесі насихатталды. Яғни, аталған білім ордасы жасөспірімдердің психологиясына оң әсер беріп, олардың өмірге деген құштарлығын арттыратын көптеген шараларды өткізген. Мектеп оқушылары бұл бағытта қаланың барлық білім ордасына өздерінің үндеуін де арнапты. Олар бейнежазбада барлық оқушыларды өмірге талпынуға және ішкі дүниесін өз ортасымен бөлісуге шақырады. Қысқасы жиынның берер түйіні аталған істе мұғалімнің де, ата-ананың да бала тәриесіне көңіл бөлуін арттыру. Қалай десекте бала тәрбиесі — ұлт болашағы екенін ұмытпаған жөн.