Дүйсенбіде қалалық мәслихаттың кезектен тыс 56-сессиясы болып өтті. Онда талқыланған негізгі тақырып жергілікті полиция қызметін құру және оның жұмысын жандандыру болды. Тұрақты комиссияда талқылай келе, қалаға қарасты аудандардағы жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына үміткерлердің тізімі анықталды. Атап айтар болсақ, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына полиция подполковнигі Мейрхан Данияр Мейрханұлы үміткер деп танылды. Бұған дейін Данияр Мейрханұлы Сайрам АІІБ бастығы болып еңбек еткен. Жаңа басшы енді шаһардағы жергілікті полиция қызметінің жұмысын жандандыруға және пагондылардың халық алдындағы беделін көтеру үшін еңбек етпек. Сонымен қатар, тұрақты комиссия шаһарға қарасты төрт ауданның құқық қорғау органдарының бастығы лауазымына үміткер азаматтардың атын атады. Атап айтар болсақ, Абай ауданы полиция бөлімінің бастығы лауазымына полиция майоры Арыстанбеков Руслан Бектайұлы, Әл-Фараби ПБ бастығы лауазымына полиция полковнигі Кенжебаев Ерғали Мамырұлы, Еңбекші ПБ бастығы лауазымына полиция подполковнигі Серікбай Бегалы Серікбайұлы, Қаратау ПБ бастығы лауазымына полиция майоры Жұманов Сейдалы Оразалыұлы үміткер деп танылды. Айта кетерлігі, жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау тәртібі енді кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін беру арқылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, құжатта жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастыққа есептілігі де қамтылып отыр. Сонымен қатар, әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады. Бұндай есептілік полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады.Бұл бастама Мемлекет басшысының Ұлт жоспары — бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 30 және 31-қадамдарын орындау мақсатында әзірленген. Елбасы жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру керектігі туралы тапсырма жүктегені белгілі. Осыған байланысты, жергілікті полиция құру Ішкі істер органын оңтайландыру жолымен жүзеге асады, оның құрылымына учаскелік инспекторлар, жол полициясы қызметкерлері, өңірлік және табиғатты қорғау, сонымен бірге әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері біріктіріледі. Тұжырымдамаға сәйкес, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне құрылымды түрде енетін болады