Қазақстаннан шыққан тұңғыш дипломат, елші Нәзір Төреқұловтың туындылары жарық көрді. Кітаптар топтамасында арда азаматтың Мәскеу архивтерінде сақталған құнды құжаттары, көпшілік біле бермейтін жалынды жырлары мен ойлы мақалалары жинақталған.
1892 жылы киелі Түркістан шаһарында дүниеге келген азамат жастайынан жетімдіктің зардабын тартады. Еңбекке ерте араласып, халқымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап қалу жаңғырту жолында аянбай еңбек етеді. Көптеген ұлттық ұйымдар құрып, жастарымыздың санасына қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптейді. Кеңес үкіметінің сындарлы саясатына қарсы тұрып, диломатиялық қарым-қатнаспен өз ойының дұрыстығын дәлелдейді. Осылайша оның жауаптылығын, іскерлігін ескерген Кеңес үкіметі Нәзірді Араб әмірліктеріндегі алғашқы диломат, Елші етеді. Бұл кезде Нәзір Төреқұлов небәрі 36 жаста болатын. Яғни 1928 жылы аталған қызметке тағайындалған ол Хиджазда 8 жыл елші болады. Сауд Арабиясы Королдігінде өкілетті өкіл болып жүрген жерінен оны Мәскеуге шақыртады, болмашыдан ілік іздеп, ісін май шаммен қаратады. Ақыры себеп тауып, «Халық жауы» деген жала жауып ату жазасына кеседі. Ол кезде Нәзір 45 жаста болатын. Бұл оқиғаға жаны күйзелген Араб королі Ресей елімен дипломатиялық қарым-қатынастың жібін бір жолата үзуге шешім қабылдайды. Өйткені, Нәзірден өзге елшіні арабтар мойындамады. Осылай екі ел арасындағы байланыс шорт үзіліп, арадағы салқындық 51 жылға созылды.
Ал 2014 жылы жас мемлекетіміз Тәуелсіздігін алып, етек жеңін жиған шақта Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевты Араб королі арнайы шақыртып, сән-салтанатымен күтіп алады. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың туы көкке көтерілді. Бүгінгі таңда Төреқұлов туралы еңбектер араб, ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде баспадан шыққан. Түркістанда Нәзір Төреқұловтың есімін иеленген мешіт, мектеп, мұражай бар. Бүгінде бұл мекемелер халыққа қызмет етуде. Ал Шымкентте Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде де оның өмірінде қолданған дүниелері қойылған. Сондықтан 1937-38 жылдарда репрессияда жапа шеккен ұлт жанашырының ғұмырымен танысуға толықтай мүмкіндік бар. Өйткені, тәуелсіз елдің ұландары, азат еліміздің жолында, бейбіт күннің шуақты нұрын төгу жолында жандарын құрбан еткен азаматтардың ұрпағы екенін сезініп ұғынуы тиіс….!
Айзада Бидан