2016 жылдан бастап егін шаруашылығындағы гектарға берілетін және мал шаруашылығындағы өнімділікті жоғарылату үшін төленіп келген субсидиялар қысқартылатын болады. Бұл туралы кеше «Қазақстан фермерлер Одағы» ұйымдастырған конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Қазақстан Фермерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздегі фермерлерді қолдап мемлект тарапынан көрсетілетін қолдауларға қол жеткізулеріне ықпал жасау мақсатында жұмыс жасайды. Бүгінгі таңда аталмыш одақтың 10 мыңнан астам мүшесі бар. Әрбір облыстарда филиалдары жұмыс жасайтын фермерлер Одағы жыл сайын атқарған жұмыстарына есеп беріп, ауыл шаруашылығы саласындағы түйіткілді мәселелер төңірегінде келелі кеңестер өткізіп отырады. Осы орайда қоғамдық бірлестіктің ОҚО-дағы филиалы ұйымдастырған конференцияға өңіріміздің әрбір аудан-қалаларынан келген 300-ге тарта фермерлер қатысты. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау ұйымдарының өкілдері, аудан қала әкімдері де маңызды басқосуға арнайы шақыртылған. Конференция барысында мінбеге шығып сөз алған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров бірінші кезекте мемлекет тарапынан төленетін субсидияға қатысты мәселелерді баяндады. Айтуынша, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі соңғы жеті жыл ішінде 3,5 есе өскен. Алайда осыған қарамастан шаруашылықтың жалпы өнім көлемінің өсімі мемлекеттік қолдау көлемінен төмен болып тұр. Осылай деген вице-министр бұл кейбір субсидиялардың ынталандыру тиімділігінің төмендігімен байланысты деп отыр. Бұған өсімдік шаруашылығындағы гектарға берілетін және мал шаруашылығындағы өнімділікті жоғарылату субсидиялары жатады. Аталмыш субсидиялар өнім тиімділігіне қарамастан егіс алқаптары мен өндірілген өнімге төленіп келген болатын. Сондықтан келесі жылдан бастап егін шаруашылығындағы гектарға берілетін және мал шаруашылығындағы өнімділікті жоғарылату үшін төленіп келген субсидиялар қысқартылып тасталатын болады. Осылай деген Сапархан Кесікбайұлы қаражат көлемі енді тек тиімділігі мол бағыттарға ғана жұмсалатынын атап айтты. Айта кету керек, ауыл шаруашылығындағы қаржылай қолдау ендігі жерде инвестициялық субсидия, сыйақы пайызын субсидиялау, өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру, қосымша құн салығын субсидиялау, асыл тұқымды іс, ғылыми ұйымдардың қызметіне кеткен бизнес қауымдастықтарының шығындарын субсидиялау, фитосанитарлық қызметтерді нығайтуға берілетін болады.Осылайша егін шаруашылығындағы гектарға және мал шаруашылығындағы өнімділікті жоғарылату үшін беріліп келген мемлекеттік қолдау түрлерінің әп-сәтте қысқартылуы әсіресе өңір шаруалары үшін оңайға соқпасы анық. Өйткені, Оңтүстік өңірі негізінен егіншілік пен мал шаруашылығына бейімделген. Сондықтан сан мыңдаған сала еңбеккерлерінің қамына да көңіл бөліп тиісті шешімді жеті рет өлшеп барып қорытынды шығару қажет-ақ.
Абай Омар