2017 жылы «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге отбасыларды көшіруге 710 млн теңге қарастырылған. Осы қаржы тек 288 отбасыны ғана көшіруге жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысының баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп, хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Брифингте журналистер вице-министрден «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге азаматтарды көшіру үшін мемлекеттік бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін сұрады.
«2017 жылы біздің бағдарлама бойынша өнімді жұмыспен қамту үшін 710 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы тек 288 отбасыны ғана көшіруге жетеді. Себебі, бізде Үкіметпен ішкі көшіп-қонуға арналған арнайы квотаның қаулысы бекітілген. Ол бойынша 288 отбасы 4 солтүстік өңірге қоныс аударады. Жоғарыда аталған қаржыға материалдық көмек ретінде олардың көшуіне субсидия беріледі. Ол 35 айлық есептік көрсеткіш немесе 79 415 теңге. Бұл қаржы әр отбасы мүшесіне есептеледі. Екінші көмек, олардың сол жердегі үйді жалға алуға берілетін субсидия. Ол 1 жыл немесе 12 ай аралығында беріледі. Қаржы көлемі әр отбасы үшін 34 мыңнан 68 мың теңге аралығында болады. Ақша (азаматтың – автор) тұрып жатқан елді-мекеніне: қала немесе ауылға әрі отбасы мүшелерінің санына байланысты төленеді», — деп түйіндеді сөзін Біржан Нұрымбетов.
Дереккөз: Baq.kz