Республикалық әскери соттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысының ісі сотта қаралып жатыр. Іс материалдарында мемлекеттік құпия болғандықтан процесс жабық өтеді.
2017 жылдың 4 шілдесіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевқа қатысты тергеу аяқталып, іс Ақмола гарнизонының сотына жолданғаны хабарланған болатын.
Айта кетейік, Нартай Дүтбаев пен істің өзге фигуранттарына қатысты тергеу құпия түрде жүрді. Нартай Дүтбаевтың ұсталғаны 2016 жылдың 28 желтоқсанында белгілі болды. Ол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бұрынғы басшыға қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген. Нартай Дүтбаев, Нұрлан Хасенов және Ерлан Нұртаев «Мемлекеттік құпияны жария етті» және «Билік пен қызметтік өкілдігін асыра пайдаланды» деген күдікпен ұсталған болатын. Күдіктілер ҰҚК-нің тергеу абақтысына қамалды.
Еске салайық, Нартай Дүтбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2001 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың ақпанына дейін басқарған болатын.
Дереккөз: Baq.kz