Маңғыстау облысында күн электр станциясы салынады, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жасыл энергетиканың алғашқы пилоттық жобасын Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында іске қосу жоспарланып отыр. 2018 жылдың бірінші тоқсанында оны пайдалануға енгізу күтілуде. 12 МВт күн электр станциясының құрылысы бойынша ниет хаттамасына Маңғыстау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен франциялық «ЕСМ Technologies» компаниясы қол қойды. Жобаға үш ел: Қазақстан, Франция және Қытай қатысады
«Франциялық компания – технология үшін, қытайлық компания құрылыс және инвестициялар үшін жауапты болады. Салымның бірінші кезеңі 20 млн долларға жуық. Маңғыстау облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Біріншіден, өңір белсенді дамуда. Екіншіден, бұл жерде күн белсенділігі жоғары. Оған қоса, қыста қар жоқ. Бұл – пилоттық жоба және талап етілуіне қарай одан әрі даму перспективасы бар», – деп хабарлады франциялық «ЕСМ Technologies» компаниясы президентінің кеңесшісі Азат Бетекбаев.
Жобаны іске асыру үшін 70-80 жергілікті тұрғын іске қосылмақ, ал станцияда жұмыс істеу үшін 50 адамды оқыту жоспарланып отыр.
Дереккөз: naryk.kz