Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында 27 мамыр күні ерекше тылсым күш иесі, көріпкел, емші Ырғызбай Досханаұлы атындағы Халықаралық әлем кубогы бастау алды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Халықаралық додаға қатысу үшін әлемнің 25 елінен палуандар келген. Олар Қазақстан, Қытай, Корея, Түркия, Украина, Литва, Белоруссия, Ресей, Бельгия, Армения, Германия және де ең үздік Азия құрлығының кіл мықтылары.
Ырғызбай Досханаұлы 1787 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Қарақия тауының баурайында өмірге келіп, 1850 жылы Тарбағатай ауданының Күмісті бастауында қайтыс болған. Көзінің тірісінде Абайдың атасы Өскенбайды, Құнанбай қажыны, атақты айтыс ақыны Түбекті және т.б. науқастарды емдеген. Алыс-жақын шетелдерден сырқаттанған азаматтар ағылып келіп, Ырғызбай әулиенің аянымен ауруларынан жазылып қайтқан.
Әр бес жыл сайын ұйымдастырылып отырған жарыс биыл әлемдік деңгейде өтіп жатыр. Әлемдік «Қазақ күресі» федерациясының және де Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың ұйымдастыруымен шымылдығын түрген аламан доданың салтанатты ашылуына Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының Құрметті Президенті Қажымұқан Масимов пен Федерацияның Президенті Ислам Әбішев арнайы келді.
Сондай-ақ, аудан орталығы Ақсуат ауылының орталық алаңында өтіп жатқан байрақты бәсекеге «Айғақ»телеарнасының басшысы, ОҚО мәслихатының депутаты Дулат Әбіш құрметті қонақ ретінде шақырту алып, жолға шыққан болатын.
Қазіргі таңда телеарнаның түсірілім тобы тартысқа толы жарысты бейнетаспаға түсіруде.
«Айғақ-ақпарат».
Фото: alzhan.kz