ҚазАқпарат — Мамыр айының 25 жұлдызында мектеп оқушыларына банкет өткізуге тиым салынады. Соңғы қоңырау күні түлектердің қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстарын талқылаған жиында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов осылай деді. Шаһар басшысы, сондай-ақ, бұл күні қала көшелерінде кортеждердің жүрмеуін де қатаң қадағалауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Мәжілісте қала әкімі соңғы қоңырау соғылған және мектеп бітіру кештерін өткізген күндері түлектердің қатысуымен өтетін шерулерге тыйым салу бастамасын көтерді. Бұл бағытта жергілікті полиция қызметкерлеріне күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, кешкілік мезгілде ойын-сауық орталықтарында арнайы рейд жүргізуге тапсырма берілді.
«Еш жерде банкеттер өтпесін. Мен бұл бағытта қадағалауды білім бөліміне және ішкі істер басқармасымен бірлесіп орындауды тапсырамын. Кезекшілік жүргізіп, қоғамдық орындар мен мейрамханаларда, демалыс орындары мен мектептерді қарап шығыңыздар. Алдын ала ата-аналармен жиналыстар өткізіп, осы тапсырманы жеткізіңіздер. Өйткені балалардың қауіпсіздігіне сол ата-аналар мен мектеп директорлары да жауапты», — деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Айта кетейік, жыл сайын соңғы қоңырау күні түлектер түрлі келеңсіз, қайғылы жағдайларға тап болып жатады. Мәселен, өткен жылы Мақтарал ауданында екі мектеп бітіруші жол апатынан ажал құшқан болатын.
Дереккөз: inform.kz