Наурыз – шығыс халықтарының мейрамы. Қазақ халқы үшін де Наурыз күн мен түннің теңескен, жаңа жылдың басы ретінде ерекше аталып өтеді. Бүгін Шолаққорған ауылының орталық алаңында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі тойланды. Орталық алаңда ақ шаңқай киіз үйлер тігіліп, Наурыз көже таратылды, ет асылып, дастархан жайылды. Мерекелік жиында аудан әкімі Мақсат Исаев барша жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа жылда жаңа табыстар тіледі. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың шешімімен, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарға Созақ ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.
Мереке аясында қазақтың ұлттық ойындары қазақ күресінен, гір тасын көтеру спортынан жарыстар өтіп, Наурыздың сәнін келтірді. Орталық алаңда аудан өнерпаздары ұлттық нақыштағы ән айтып, күй тартты, би билеп, концерттік бағдарлама қойылды.
Наурыз мерекесінде Мақтарал, Сарыағаш аудандарынан арнайы делегация келіп, Созақ өңірінің тыныс- тіршілігімен танысқанын да айта кету керек. Ұлыстың ұлы күнін тойлау ертең де жалғасады. Орталық иппадромда ұлттық ат спортының бәйге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу сынды түрлерінен жарыстар өтеді.
Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.