
Мұндай көрмелердің маңызы тек сән үлгілерін көпшілікке таныстырумен шектелмейді. Бұл – ұлттық киімнің тарихы мен ерекшелігін танып, оның заманауи өмірдегі орнын көрсетуге мүмкіндік беретін мәдени алаң. Көрмеге келген жұртшылық қазақы нақыштағы киімдердің жаңа үлгілерімен танысып қана қоймай, отандық дизайнерлердің еңбегін бағалап, өз талғамына сай бұйымдарды таңдай алады. Сонымен қатар, мұндай бастамалар ұлттық киімді күнделікті өмірде де кеңінен қолдануға деген қызығушылықты арттырады. Әсіресе, жас буынның төл мәдениетке жақын болып өсуіне ықпал етеді. Бір жағынан, дизайнерлер өз өнімдерін таныстырып, жаңа тұтынушылар тапса, екінші жағынан, халық сапалы отандық өнімге қол жеткізеді.Ұлттық құндылықты жаңғыртып, оны заман талабына сай дамыту – ұлт болмысын сақтаудың бір жолы. Сондықтан осындай көрмелердің жалғасын табуы отандық сән индустриясының дамуына да, ұлттық мұрамыздың кеңінен насихатталуына да серпін бермек.
