Азаматтық қорғау әскери бөлімдерінің міндеті – табиғи апаттар мен техногендік төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету. Еліміз бойынша мұндай бес негізгі әскери бөлім бар. Олар өңірлерді қамтып, құтқару және апат салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылады. Бұл туралы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы бөлімдердің қызметіне тоқталып, кеңінен баяндады.Қазір болашақ сарбаздарды іріктеу жұмыстарының маңызды кезеңі жүріп жатыр. Үміткерлер медициналық тексеруден өтіп, физикалық және психологиялық дайындығы сарапталады. Ал сала мамандары әскери бөлімдердегі тұрмыстық жағдай мен қызмет өткеру тәртібі белгіленген талаптарға сай екенін айтады.
Азаматтық қорғау әскери бөлімдерінде қызмет етуге ниетті жастардың қатары артып келеді. Бұған жасөспірімдер мен ата-аналар арасында жүргізілген түсіндіру, ақпараттық-насихат жұмыстарының да ықпалы бар. Әскери қызметтің артықшылықтары мен әлеуметтік кепілдіктері жастардың қызығушылығын оятқан.Борышын өтеп келген сарбаз үшін жаңа мүмкіндіктердің көкжиегі ашылады. Мерзімді әскери қызметті аяқтаған азаматтар азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарына түсу кезінде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Ал қызметтен кейінгі жолын таңдау – әр сарбаздың өз еркінде.
Жауаптылар әскери жасақ дайындаумен қатар, қаладағы төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына да тоқталды. Техногендік апаттардың қаупін азайтуда заманауи технологиялар мен арнайы жабдықтардың маңызы зор. Мұндай құралдар қауіпті ерте анықтап, ықтимал қатердің алдын алуға септеседі.Ел тыныштығын күзетіп, сын сағатта көмекке келетін азаматтарды даярлау – маңызды міндет. Ал әскери қызмет жас буынға тәртіп пен жауапкершілікті ғана емес, елге адал қызмет етудің мәнін де ұғындырады.