Адам денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту – әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Әсіресе тірек-қимыл аппараты ауруларына шалдыққан азаматтарға сапалы медициналық көмек көрсету, заманауи емдеу технологияларын қолжетімді ету – денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу және халықтың денсаулығын қорғау мәселелеріне айрықша назар аударып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мәселен, жыл басынан бері Шымкентте 200-ден астам адамға тізе, жамбас-сан және иық буындарын алмастыру отасы жасалған. Жоғары технологиялы медициналық көмектің бұл түрі буын аурулары салдарынан қозғалысы шектелген науқастардың денсаулығын жақсартып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, құны 1,5 миллион теңгеден асатын күрделі оталар қаладағы екі медициналық ұйымда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі есебінен тегін жүргізіледі.
Бұл – медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қымбат хирургиялық емді қажет ететін азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған маңызды қадам. Өйткені буын аурулары адамның күнделікті тіршілігіне тікелей әсер етіп, жүріп-тұру, баспалдақпен көтерілу, тіпті қарапайым тұрмыстық жұмыстарды орындау мүмкіндігін шектеуі мүмкін.
Қалалық №1 клиникалық ауруханада жуырда күрделі хирургиялық оталардың бірі 67 жастағы әйелге жасалды. Науқас 15 жылдан бері оң жақ тізе буынының деформациялық артрозымен ауырып келген. Уақыт өте келе ауру асқынып, буынның қалыпты қызметі бұзылған. Дәрі-дәрмекпен емдеу және басқа да консервативті тәсілдер күткен нәтиже бермегендіктен, дәрігерлер зақымданған буынды толық эндопротездеу туралы шешім қабылдаған.
Ота шамамен 1,5 сағатқа созылған. Хирургиялық араласу кезінде аймақтық жансыздандыру әдісі қолданылып, пациент есін толық біліп жатқан. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Алдағы уақытта ол арнайы медициналық оңалту курсынан өтеді.
Ауруханада мұндай күрделі оталарды ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Естемесов бастаған тәжірибелі мамандар тобы жүргізеді. Дәрігерлердің айтуынша, эндопротездеу – зақымданған буынның қызметін жасанды имплант арқылы алмастырып, адамның қозғалу қабілетін қалпына келтіруге бағытталған тиімді хирургиялық әдіс.
– Артроз кезінде буынның шеміршегі мен сүйек беттері біртіндеп мүжіліп, адамның қозғалысы шектеледі. Ауру асқынған жағдайда ауырсыну күшейіп, науқастың күнделікті тіршілігіне кедергі келтіреді. Ота барысында зақымданған буын беттері алынып, орнына арнайы имплант орнатылады. Біздің ауруханада АҚШ-та өндірілген эндопротездер қолданылады. Оңалту кезеңі шамамен 2-6 айға созылады. Осы уақыт ішінде науқас біртіндеп өздігінен жүріп-тұруға бейімделеді. Негізгі мақсатымыз – ауырсынуды азайтып, қозғалыс мүмкіндігін қалпына келтіру, – дейді Нұржан Естемесов.
Мамандардың түсіндіруінше, эндопротездеу отасы буындардың ауыр дәрежеде зақымдануы кезінде қолданылады. Атап айтқанда, тізе және жамбас-сан буындарының гонартрозы мен коксартрозы, жамбас сүйегі мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы, сондай-ақ түрлі жарақаттар салдарынан буын қызметі бұзылған жағдайда жасалады.
Мұндай оталардың нәтижелі болуы тек хирургиялық араласуға ғана емес, операциядан кейінгі оңалту жұмыстарына да байланысты. Сондықтан науқастардың қалпына келу кезеңінде дәрігерлердің ұсынымдарын орындауы, арнайы емдік дене шынықтыру жаттығуларына қатысуы және қозғалыс белсенділігін біртіндеп арттыруы маңызды.
Жалпы, жоғары технологиялы медициналық көмектің дамуы мен МӘМС жүйесі аясында күрделі оталардың қолжетімді болуы денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік бағыттың маңызын айқындайды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы белгілеген медициналық қызмет сапасын арттыру, заманауи технологияларды кеңінен енгізу және азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен сапасын жақсарту міндеттері нақты істермен сабақтасып отыр.
Шымкентте жыл басынан бері 200-ден астам азаматтың буын алмастыру отасынан өтуі – осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі. Ең маңыздысы, мұндай медициналық көмек адамдарға ауырсынудан арылып қана қоймай, өздігінен жүріп-тұруға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және күнделікті тіршілігіне қайта оралуға жол ашады. Демек, заманауи медицинаның жетістігі – тек ауруды емдеу емес, адамның өмір сапасын жақсарту.









