Қаланың қарқынды дамуы ең алдымен аудандардың тыныс-тіршілігінен байқалады. Жаңа тұрғын алаптар бой көтеріп, халық саны артқан сайын инфрақұрылымға деген сұраныс та күшейеді. Осы орайда Қаратау ауданында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер баспасөз брифингінде баяндалды.
Кез келген елді мекеннің дамуы ең әуелі тұрғындарға қажетті жағдай жасаудан басталады. Бұл ретте жол, ауыз су, электр қуаты мен газ мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Қаратау ауданында да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жаңадан игеріліп жатқан аумақтарды қажетті инфрақұрылыммен қамтуға басымдық берілген.
Инфрақұрылыммен қатар, жол сапасы мен көше қауіпсіздігі де назарда. Аудандағы бірқатар көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар салынды. Ал жауын-шашын кезінде су жиналатын аумақтарда арнайы жүйелер орнатылып, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын мәселелерді кезең-кезеңімен шешу көзделген.
















